20 қыркүйек күні аудан әкімі Жанат Асантаев бір топ кәсіп бастаушы жастарға Нәтижелі еңбекпен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты аясында жаңа идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант сертификатын табыстады.

Аудан бойынша өз жұмысын бастаймын деген 25 кәсіпкер 505 мың теңгенің сертификатына ие болды. Олар «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсына қатысты.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауданда қазіргі таңда 65 адам 184,0 млн теңге көлемінде шағын несие алған.

Бағдарламаның үшінші бағыты «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» аясында 340 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 40 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. 70 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы еңбекке араласуға жолдама алса, 162 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған.