18 қыркүйек күні Қаратөбе ауданында үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық улау жұмыстарының қорытындысы туралы шұғыл әрекет штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Жанат Асантаев, БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, БҚО аумақтық инспекциясы өсімдік қорғау жөніндегі инспекция бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев, республикалық фитосанитарлық-диагностикалық және болжамдау әдістемелік орталығының БҚО филиалының басшысы Алтай Алдабергенов және тиісті бөлім, мекеме басшылары мен округ әкімдері қатысты.

Аудандық аумақтық инспекция басшысы Рүстем Әлжанов 2019 жылғы үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық улау жұмыстарының қорытындысы бойынша хабарлама жасады.

Рүстем Құсанұлының айтуынша, биылғы жылы аудан бойынша өсімдік зиянкестеріне қарсы өңделетін жер жоспар бойынша 54450 гектар болса, соның 44266 гектары өңделген.Ағымдағы жылдың мамыр айында италяндық прустың дернәсілдері топырақ бетіне шығып, дернәсілдердің жаппай тірілуі байқалған. Уақытылы химиялық улау шаралары жүргізілген.

Биылғы жылы ауданда егістіктерді жаппай шегіртке басу фактілері тіркелмеген.

Сонымен қатар жиында республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының 2019 жылғы зерттеу жұмыстары және Қоскөл ауылдық округі бойынша жүзгізілген үйірлі шегірткелерге қарсы улау жұмыстары туралы республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалының басшысы Бейбіт Тойшыбаев пен Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қанат Мұқанов баяндады.