17 қыркүйек күні Қаратөбе ауданына келген «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев партия активімен кездесті.

Жиынға төрағалық етуші аудан әкімі Жанат Асантаев ауданымызға келген меймандарды таныстырып, күн тәртібімен таныстырды.

Күн тәртібінде Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің шешімдерін орындау және облыстық Саяси кеңестің шешімдерінен туындайтын партиялық қайта жүктеудің негізгі бағыттарын жұмысқа енгізу мәселесі сөз болды.
Жиында «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев сөз сөйлеп, 2019 жылдың 21 тамызы күні партияның төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген Саяси кеңестің отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына жеке тоқталып, түсіндірді.

Аудандық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, «Шөптікөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қадыржан Сүйеуғалиев аудандық мәслихат депутаттары мен ауылдық округтердегі ардагерлермен бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастар жетекшісі Маралбек Амантаев «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Қаратөбе ауылының тұрғыны Талшын әжейге жастармен бірігіп баспана тұрғызып жатқандығын айтты.
Жиын барысында сұрақтар қойылып, ұсыныс пікірлер де айтылды.
«Nur Otan» партиясы Қаратөбе филиалының залында ауыл тұрғындарын қабылдап, жеке мәселелері бойынша 2 тұрғын қатысты.