12 қыркүйек күні Шөптікөл орта мектебінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған ақысыз IT сынып» атты жобасының бастамасымен жаңа заманауи түрде жабдықталған IT сынып ашылды.

IT сыныпта 5-10 – сынып оқушылары білім ала алады. Сыныптың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жанат Асантаев мектеп ұжымын құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сыныптың ашылу салтанатында лента қию рәсімін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев пен ардагер ұстаз Үмбетқали Бақтығалиев жүргізді.

Заманауи үлгіде жабдықталған сыныпта оқушылар ақпараттық технология саласын меңгереді. Web сайттар ашып, робот құрастыру және оны басқару, 3D принтинг және тағы басқа жеке жобалар жасауды үйренеді. Үздіктері республикалық, халықаралық ІТ байқауларға қатысып, тың идеяларын дамытуға мүмкіндік алады.

Бұл «Нұр Отан» партиясының мемлекеттік және жергілікті органдармен бірлесуі арқасында ауданда ашылып отырған үшінші сынып. Бұған дейін аудан орталығындағы Мұхит атындағы орта мектеп пен Қаратөбе мектеп-гимназиясында ашылған болатын.

Алдағы уақытта басқа білім ордаларында да бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек тегін оқытатын ІТ-сыныптар ашылатын болады.