Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық сыныбы ашылды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың әл-аухатын жақсартумен қатар, мектептердегі әскери патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді тапсырды. Аталмыш сынып өскелең ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелеу, ұлттық мақтаныш сезімін күшейту, қазақ халқының салт-дәстүрлерін сыйлау мен құрметтеу, ҚР Қарулы күштеріне құрметпен қарау, жастарды әскери міндеттерді орындауға жан-жақты дайындау мақсатын көздейді.

Салтанатты шарада алғаш сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев:

– Елін, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу алға қойған мақсатымыздың бірі. Мектептен жалпы саны 21 оқушы іріктеліп алынды. Атап өтсек озат оқушылар, көпбалалы және аз қамтылған отбасының балалары мен ата-анасы әскери қызметте болған балалар қабылданып отыр. Жас сарбаздар берілген тәлім- тәрбиені бойларына сіңіріп, отансүйгіш, жігерлі азамат болып қалыптасады деп сенемін, - деді.

Сыныптың ашылу рәсімінде жас сарбаздар патриоттық тақырыптағы өлең жолдарын нақышына келтіре жатқа айтып, ұрандарын шырқады.

Әскери тәртіпке бет бұрған жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдап, артылған сенімді ақтап шығуға ниетті екендіктерін жеткізді. Салтанатты шараға аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Орынбасарұлы, «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Жақанұлы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, подполковник Ербол Мақсотұлы және ата-аналар, ұстаздар, мектеп оқушылары қатысты.

Шараның соңында арнайы әскери құрал-жабдықтардан жасақталған көрмемен және мектеп арнайы «Жас сарбаз» сыныбының жұмысымен танысты.