Тамыз айының 19-ы күні облыстық тілдер басқармасының ұйымдастыруымен ауданымызға келген «Латын керуені» түсіндіру тобы ауданның Жусандыой және Сулыкөл ауылдық округтерінде болды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығында «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы тренерді дайындауға арналған 72 сағаттық курстан өткен, латын негізінде жаңа әліпбидің емлесін үйретуші тренер Әділхан Сұлтанов ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп қазіргі таңдағы еліміздегі басты мәселенің бірі 2025 жылға дейін жаппай латын графикасына көшуге байланысты жаңа әліпбидің емлесі турасында түсінік берді.

– Тіл – ел тірегі, елдің болашағы. Сондықтан еліміз бойынша латын графикасына көшудің маңызы зор. Еліміз 1940 жылға дейін латын қарпін қолданды. Содан 80 жыл бойы 42 қаріптен тұратын кириллицаны пайдаланып келеміз. Латын қарпіне көшу заман талабы. Бүгінде латын қарпін әлем елдерінің 80 пайызы қолданады. 

Жас мемлекетіміз қазір дүние жүзі елдерімен кең қарым- қатынаста. Сондықтан бізге қолайлы қатынас үшін латын графикасына көшу тиімді, - деді Әділхан Тілекқабылұлы. 

Аталмыш жиынға өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе менеджері Шамшырақ Шаймұқанбетова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтару және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Еділбек Алпамысұлы, аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің әкімгері Айгөлек Андирова қатысты.