16 тамыз күні Қаратөбе ауданында «Қазақстан Республикасында гендерлік теңдікті қалыптастыру мен дамытудың ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Нәзікжандылардың құқығын қорғау мәселелеріне арналған жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан семинарға қатысушы қонақтарды таныстырды.

– Гендерлік теңдік стратегиясының негізгі мазмұны мен мәніне арналған жиында бас қосып отырмыз. Гендерлік теңдік – бұл ерлер мен нәзікжандылар арасындағы құқықтық теңдікке жетуді көздейтін бағыт, қазіргі таңдағы гендерлік теңдік өте маңызды рөл атқарады. Әйел азаматшалардың мәртебесін халықаралық құқықтық реттеудің негізгі принциптерін белгілеп, әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияда көрсетілген, - деп семинарды бастап сөз сөйлеген Жасұлан Кәрелұлы баяндамашыларға сөз берді.        

Күн тәртібінде қозғалған «Гендерлік теңдікті қалыптастыру мен дамытудың ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасаған «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «БҚО Іскер әйелдер Ассоциациясының» мүшесі Қадиша Мұқанова отбасындағы тәрбие, жас отбасылардың ажырасуы, балалар үйіне бала тапсыру, ата-анасын қариялар үйіне апару көрсеткіштері ұлттық тұрғыдағы мәселеге айналғандығын, онымен қоғам болып күресу керектігін атап өтті.

Семинар барысында «БҚО әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау» тақырыбында облыстық ішкі істер департаментінің полиция майоры Шынар Қапашева, «Қоғамдағы іскер әйелдерді табысты әлеуметтендіруге психологияның рөлі» тақырыбында педагогика және психология ғылымдарының магистрі Баян Омарова, «Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамудың кепілі» тақырыбында БҚО кәсіпкерлер палатасының Қаратөбе ауданындағы филиалының директоры Асхат Тойшыбаев баяндама жасады.

Жиынға қатысушылар тарапынан аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрзия Соқатова арнайы келіп семинар өткізген, әйелдердің қоғамдағы алар орны мен құқығының қорғалуы турасында түсінік берген меймандарға алғыс білдірді.