15 тамыз күні «Парасыз болашаққа. Бірге!» мобильдік тобының құрамы Сулыкөл ауылдық округінде болып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытында жергілікті халықпен жиын өткізді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа түсіндіру, ақпараттық насихат жұмысын жүргізу – мобильдік топтың негізгі мақсаты болып табылады.

Мобильдік топ мүшелері «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудан әкімі аппараты персоналды басқару қызметі бөлімінің бас инспекторы Набира Марбанова Сулыкөл ауылдық округінде алдымен Қалдығайты орта мектебінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер туралы консультациялық көмек беру, қызметтерді ыңғайлы алуға жағдай жасау, компьютерлік сауаттандыру (e.gov), ауыл болашағын жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып ашық талқыға салу, мемлекеттік органдарда ашықтықты қамтамасыз ету және қоғам тарапынан бақылауды күшейту, ауылдық округтер ғимараттарында «Қауіпсіз аймақ» құру арқылы аумақтың барлық ауылдық әкімдіктерінде қолайлы орта құруды қамтамасыз етудің маңыздылығы егжей-тегжейлі түсіндірілді. 

Содан соң Сулыкөл ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындары алдында сөз сөйлеген мобильдік тобы мүшелері күн тәртібіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті болып отырғандығын, қоғам кеселімен мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары, барша қоғам болып күресу керектігін тілге тиек етті. 

Азаматтардың мемлекеттік билік институтына сенімін арттыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, тұрмыстық жемқорлықты жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында құрылған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы туралы аудан әкімі аппараты персоналды басқару қызметі бөлімінің бас инспекторы Набира Марбанова тұрғындарға кеңінен түсіндірді.