13 тамыз күні Қаратөбе ауданында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту Заңын орындау мен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкенің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан құттықтау сөз сөйлеп, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі. 
       – Жәрмеңке туралы хабарландыру аудандық басылымда және басқа да ақпарат ресурстарында жарияланған болатын.

Жәрмеңкеде 31 мекеме бойынша 110 бос жұмыс орны ұсынылды. Аудан мектептерінде дәріс беретін математика, орыс тілі, ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс көп. Жәрмеңкеге қатысушы жұмыс іздеуші аудан жастары мамандығына сай жұмысқа орналаса алмай қалған жағдайда аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп «Жастар практикасы» және «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламаларына қатысуларына болады. Жас кәсіпкер бағдарламасына сай 29 жасқа дейінгі жастар грант ұтып алуға мүмкіндіктері бар.

Биылғы жылдың жастар жылы болып жариялануына байланысты елімізде жастардың жұмысқа орналасуына көп көңіл бөлінуде. Қоғамға қажет кәсіптермен қамту бағытында жастарды қайта оқытып, олардың жаңа мамандықтарды игеруіне жағдай жасау қарастырылған, - деді Жасұлан Кәрелұлы. 

Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек жәрмеңке қорытындысына сай 25 маман жұмысқа орналасуға, 5 жас маман «Жастар практикасына» жолданып отыр.

Жәрмеңкені ұйымдастырушы саланың басшысы Назира Ермекқызы жұмысқа орналасуға жолдама алғандарға жолдамаларын салтанатты түрде табыстады.