13 тамыз күні аудандық мәдениет үйінде «Латын керуені» атты республикалық көшпелі семинар-тренингі өтті.

Аудан тұрғындары мен жастарды жинаған шарада сөз сөйлеген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының кеңесшісі, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазықызы:

– Латын графикасына көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық үрдіспен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Әлем елдері санасатындай қуатты ел болуымыз үшін латын жазуына өтуді қолдауымыз керек, - деді.

Кезегінде сөз сөйлеген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева латын қарпіне кезең-кезеңімен көшуге дайындық жұмыстары туралы, мақұлданған ереже-емілелерді түсіндіру шараларының барысы, «Латын керуені» семинарының негізгі мақсаты жөнінде айтып өтті.

Семинар-тренинг барысында аудан тұрғындары жаңа әліпбиге көшуге орай өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар ала алды.

Басқосуды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан латын алфавитін үйреніп меңгеру заман талабынан туындаған қажеттілік екендігін атап, жастар мен тұрғындарды осы бастан жаңа әліпбимен жазып, оқуға шақырды.