1 тамыз күні  Қаратөбе ауданында өтіп жатырған жерлестер форумы аясында ауданымызда биылғы жылы жүзеге асқан «Zhas project» жобасы жеңімпаздарының жәрмеңкесі өтті.

 

Түрлі сала бойынша кәсіп бастаушы жастардың жәрмеңкесінде сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асылханұлы кәсіпкерлердің бастамаларына сәттілік тілеп, сенім білдірді. Аталған шара барысында аудан басшысы Ж.Асантаев нәтежелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының II бағыты аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант сертификатын кәсіп бастамақшы 22 азаматқа табыстады. Жоспар жасақтап тың жобаларды жүзеге асырмақшы кәсіпкерлерге 505 мың және 252 мың теңге көлемінде грант берілмек. 

 

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде өткен шара «Zhas project» жобасының жәрмеңкесін тамашалаумен жалғасты. Аталмыш жобаға ауданнан 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтардан 78 әлеуметтік жоба ұсынылған болатын. Жоба қорытындысында аудан бойынша 36 млн. теңгенің 18 әлеуметтік жобасы жеңімпаз атанды. 

Бүгінгі таңда ауданымызда жоба қатысушылары өз жұмыстарын бастап жақсы нәтиже көрсетуде. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 4 жоба, құс шаруашылығы бойынша 4 жоба, сондай-ақ балық шаруашылығы, жиһаз, балаларға көңіл-күй сыйлау орталығы, кілемдер жуу, автокөлік жөндеу орталықтары ашылып, өз жұмыстарын жүргізуде. Сол жобаның жеңімпаздарының бірі Хамзин Даулет жетекшілік ететін еңбекқор кәсіпкерлер жылыжай кешенімен айналысып, алты ай көлемінде әлуметтік жағдайы төмен, көп балалы аналарға бақша өнімдерін тегін таратып, қалғанын сатылымға шығарып кәсібін бастамақ. Осы орайда өзінің кәсібін бастап кеткен Айгерім Андированың жетекшілігіндегі топ керамзитоблок тасын дайындап, жастардың көмегімен салынып жатырған Талшын әжейдің үйінің қабырғасын тұрғызуға қол ұшын беруде. Ал, егіндікөлдік Альфия Алмағанбетова ешкі сүтін өндіруді қолға алмақ.

 

Көрмені тамашалауға келген дүйім халықта істерін жаңа бастап жатырған кәсіпкерлер бастамасына оң баға беріп жатты.