31 шілде күні Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев көп балалы аналар  сулыкөлдік Айнұр Мусина, аққозылық Бибігүл Раймова, саралжындық Айсәуле Төлеуғалиеваларды қабылдады.

 

Қабылдау барысында аудан басшысы олардың хал-жағдайларын сұрап, еліміздің демографиясының көтерілуіне қосқан үлестері үшін ризашылығын жеткізді.

 

Содан кейін Қазақстан Республикасының Президентінің 2019 жылғы 9 шілдедегі №55 Жарлығымен марапатталған көп балалы аналар Айнұр Мусинаға, Бибігүл Раймоваға, Айсәуле Төлеуғалиеваға «Күміс алқа» және оған қоса куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.

 

– Қаратөбе ауданында алтын құрсақты аналар қатары артып келеді.
Ауданда 203 «Алтын алқа», 218 «Күміс алқа» және 6 «Ана даңқы» орденінің иегерлері бар. Бүгін көп балалы аналардың қатары тағы да толықты.

 

Өмірдің мейірім бастауы, жер бетіндегі бар жақсылық атаулының барлығы ананың ақ сүтінен тарайды. Сондықтан аналардың қадыр қасиетін құрметтеуді төл парызымыз деп білемін.

 

Дені сау ұрпақты дүниеге әкелетін, еліміздің болашақ патриоттарын тәрбиелейтін Сіздер, аналар аман болыңыздар. Бала-шағаларыңыз аман болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді Жанат Асылханұлы.

 

  «Күміс алқа» иегері аққозылық Бибігүл Раймова мәртебелі марапатты табыс еткен Ж.Асылханұлына алғыс айтып, мемлекет тарапынан көп балалы аналарға көрсетіліп отырған жан-жақты көмектерге ризашылығын білдірді.