ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылдық округінде «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы өтті.

Форумға қатысушы меймандар қатарында ауыл ақсақалдары, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, бөлім басшылары болды.

Ең алдымен «Zhas Project» жобасына қатысып 1 миллион теңге грант ұтқан Орынбасар Сарбасов құс шаруашылығын, Гүлсезім Әубәкерова кілемдер жуу кәсібін қолға алғандығы туралы айтып, жұмыстарымен таныстырды.

Жерлестер форумында сөз сөйлеген округ әкімі Қанат Мұқанов ауылдық округтің тыныс-тіршілігін баяндап, туған жерге жанаршылық танытып жүрген ауыл азаматтарының игілікті істерін тілге тиек етіп, оларға алғысын білдірді.

Сонымен қатар аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Есенжол Төлеуғалиұлы, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржамал Берниязова, Қаратөбе балалар шығармашылығы үйінің директоры Айбат Омаровтар Қоскөл ауылы азаматтарының туған жерінің гүлденуіне атсалысып, атқарған жұмыстарына қуанышты екендіктерін жеткізді. Ауылдан шыққан азаматтарға туған жерлеріне құрметпен, жанашырлықпен қарау керектігі айтылды.

Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Нығыметов, ауыл тұрғыны Әзербай Кенжеғалиев ауылда атқарылған  игі істерге оң бағаларын білдіріп, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Эльдар Амантаев өз саласы бойынша атқырылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Форум барысында Эльдар  Ниязбекұлы өз қаражаты есебінен көп балалы отбасыларға 1 ноутбук, 2 оқушы сөмкесі мен оқу-құралдарын табыстады.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының бастамасымен «Бұлақ көрсең көзін аш» жобасы аудан бойынша құмығып қалған бұлақ көздерін тауып, оларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүгізуді талқыға салды.

Форум соңы жерлес Шолпан Қыдырниязованың  «Қоскөл кеші» әнінің шырқалуымен қорытындыланды.