17 шілде күні  ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болды.

Сенаторлар ауданға арнайы сапары барысында аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған көп балалы аналармен кездесті.

Одан соң аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, ауыл тұрғындарымен және жастармен жүздесті.

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Жанат Асантаев Парламент Сенатының депутаттарына қош келдіңіз айтып, жүздесудің еркін форматта пікір алмасу түрінде өтуіне ұсыныс білдірді.

         Кездесуде сөз сөйлеген Ерболат Мұқаев: 

– Парламент депутаттары еліміздің өңірлерін аралап, жергілікті халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдау бағытында кездесулер өткізіп жүр. Аудан аймақтардың әр саласының жай-күйімен танысудамыз. Біз өткен сессияда 82 заң қабылдап, бір заң жобасы қайта қарауға қалдырылды. 
          Мемлекет тарапынан кәсіп ашам, мал шаруашылығын дамытам деушілерге қолдау мен көмек бар. Соны уақытында қолданып, ойлаған мақсаттарын жүзеге асыруға әрекет ету керек, - деді.
Әріптесінің пікірін қолдаған сенатор Нариман Төреғалиев мемлекет тарапынан әлуметтік салаға қаражат бөлініп, халықты жұмыстандыру бағытында айтарлықтай қолдау болып жатырғандығын тілге тиек етті.
          Парламент Сенатының депутаттарымен кездесу барысында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы Маралбек Амантаев, М.Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Меңдешовтер Жусандыой, Ханкөл ауылдары арқылы өтетін жолды жаңартып, қатқылтабанды жол құрылысын салып, Орал-Ақтөбе республикалық маңызы бар күрежолына қосу, жылдан жылға суы тартылып бара жатқан Қалдығайты өзенінің арнасын кеңейту, әйел адамдардың зейнетке шығу жасын ұлғайтпау, ауданда дәрігер, мұғалім мамандарының тапшы екендігіне тоқталды. 

        Түйткілді мәселелерді қозғап пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізген азаматтарға сенаторлар мен аудан басшысы Ж.Асантаев айтылған шаруалардың шешімін табуы үшін жүргізілетін жұмыстар турасында ой бөлісті.
        Аталған кездесуден кейін Сенат депутаттары Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан тұрғындарына қабылдау жүргізді.