10 шілде күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев кезекті жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болды. 

Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы ауданға сапарында алдымен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ІV республикалық «Жез таңдай, күміс көмей ән дүлділі» атты мәдени шараның ашылу салтанатына қатысты.

Ауданға сапары барысында Ғали Нәжімеденұлы Қаратөбе мектеп-гимназиясында болды. 2010 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген 300 орындық мектеп ғимаратының жертөлесін аралап, жертөледе жерасты суының көтерілуі мәселесіне байланысты мән-жаймен танысты. Судың көтерілуінен жертөледегі жылу жүйесі құбырларының әбден таттанып істен шыққалы тұрғанын көріп, мектеп ғимаратын салған мердігер компаниянының қатысымен болған жайдың анықталатындығын айтты. 

Аудан орталығындағы «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орында орналасқан ескерткіш басында болған лауазымды тұлғалар белгілі журналист, өлкетанушы болған Қайыржан Хасанов ағамыздың ұлы Ержан Хасановтың өз қаражатына салынатын музейдің құрылыс жобасымен танысты. 

Облыс басшысы Ғали Есқалиев ауданға сапарында мемлекеттік бағдарламаларға сай жеңілдіктерді пайдаланып, кәсіпкерлік аясын кеңейткен Аққозы ауылдық округіндегі «Ермек» шаруа қожалығында болып, аталмыш шаруашылық жұмысымен танысты. 

Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлына аталған қожалық жетекшісі Сәкен Ермекұлы шаруашылықта атқарылып жатырған жұмыстарды егжей-тегжейлі әңгімеледі. Округтегі жемісті істер мен қатар өзекті мәселелер туралы «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Құсайын Мұқанов айтып берді.

Шаруашылық басында облыс басшылығымен кездескен аудандағы шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кәсіп иелері өзен жағасынан қолдан тоғандар жасау, қыстаққа электр жарығын тарту, көгілдір отын жеткізу мәселелерімен қарар, қой малына субсидия алу сияқты ойларын жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселелердің ұсыныс түсіру бойынша қаралатындығын айтты.