24 маусым күні Қаратөбе ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов тұрғындарды қабылдады.

Ғабидолла Абдоллаұлының қабылдауында болған аудан тұрғыны, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әсемгүл Мусағалиева жас мемлекеттік қызметшілерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы әлеуметтік қолдау көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары жас маманның ұсынысының өте орынды екендігін, оны жылы қабылдайтындығын айтып, бұл мәселе бойынша облыстық экономика, бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырма берілетіндігін және жоғары орындарға жеткізілетіндігін назарға салды.