Бүгін аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Кездесуде Қаратөбе мектеп-гимназиясының ата-аналар комитетінің төрағасы Нұрлан Меңдешов бала тәрбиесіне қатысты, Мұхит атындағы орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Айнұр Сары мектеппен бірлесіп атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Оқушылардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалану мақсатындағы аталмыш отырысқа комиссия мүшелері және қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Күн тәртібі бойынша Қаратөбе балалар шығармашылығы үйінің әдіскері Айжанна Гумарова биылғы оқу жылында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал бүгінгі таңда 120 оқушыға музыкалық білім беретін саз мектебінің директоры Аягүл Бисенғалиева мен аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының директоры Берік Нұрекешов өткен оқу жылындағы жеткен жетістіктерін баяндап берді.

Отырыс қорытындысында комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан терме сыныбының жұмысын жандандыруға және жазғы демалыс лагерінде балаларды жүзу дағдысына үйретуге баса мән беруді тапсырды.