Бүгін Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы рәміздері күніне орай «Елдігімнің белгісі» атты салтанатты шара өтті.

Салтанатты түрде Елтаңба мен Мемлекеттік Ту ортаға әкелініп, шараға қатысушылар еліміздің әнұранын қосыла орындады. 

1992 жылы 4 маусымда еліміздің жаңа Мемелекеттік рәміздері бекітілді. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Мемлекеттік рәміздерді қабылдауға үлкен мән берді. 

Бұл күн – қазақ елінің тарихындағы мәртебелі күн. 

Рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін терең мазмұнды, айырықша маңызға ие нышандар. Еліміздің бар болмысы, өткені мен ертеңін бойына сіңірген мемлекеттік туымыз, елтаңбамыз бен әнұранымыз жүрегімізді мақтанышқа толтырады, - деді мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызына тоқталып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған аудан басшысы Жанат Асылханұлы. 

Салтанатты жиында жастар атынан құттықтау сөз сөйлеген Ажаргүл Әлиқызы барша қаратөбеліктерді рәміздер күніне арналған «Мен елімді сүйемін!», #Менің Туым және чемпионымыз Геннадий Головкиннің 9 маусым күні өтетін жекпе-жегін қолдауға арналған #GGG_Алға акциясына қатысуға шақырды.