Қаратөбе ауданы орталығында Қазақстан Республикасы азаматтарының және шетел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау үшін жүргізілетін диагностикалық тестілеу өтті.

«ҚАЗТЕСТ» сынағының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан аудан тұрғындарының қазақ тілін жетік меңгергендігін, сондықтан да бұл сынақтың қатысушыларға ауырлық тудырмайтындығын атап өтіп, тестілеуге қатысушы сала қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

Аталмыш сынаққа Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту басқармасының «Тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру» ғылыми-әдістемелік зертханасының аға сарапшысы Шарапат Жұмағұлова, жетекші сарапшысы Шынар Балғожина және БҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Асылбек Бисекенов, басқарма маманы Зәмзагүл Ғаббасова қатысты.

Жыл сайын мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін жүргізілетін тестілеуге ауданнан былтыр 1018 адам қатысса, биыл 200 адам тестілеуден өтуде.

Тестілеу жинағы үш бөлімнен тұрады. Тыңдалым, лексика-грамматика және оқылым бойынша жалпы тілді білулерін тексеру тапсырмалары ұсынылған. Тыңдалым бөлімінде тыңдау арқылы тапсырма орындаса, лексика-грамматик бөлімінде 70 сұраққа жауап берді. Ал оқылымы мәтін бойынша тапсырмалар орындады.

Айта керу керек, тестілеу нәтижесі қатысушылардың қызметіне ешқандай әсерін тигізбейді. Тек әркімге өзінің қазақ тілін игеру деңгейі қаншалықты екенін түсінуге мүмкіндік береді.