Бүгін Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтті.

Салтанатты шара алдымен оқу жылын барлық пәндер бойынша тек 5-тік бағаға аяқтаған озаттар шеруімен басталып, шеруді жыл бойы әр саладағы, әр бағыттағы түрлі сайыс, бәйгелерде оқ бойы озық шыққан жеңімпаз ұстаздар мен дарынды шәкірттер легі жалғастырды.

Мектеп түлектері мен ұстаздар үшін айтулы шараға аудан әкімі Жанат Асантаев, БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов арнайы қатысып барша білім беру саласының қызметкерлері мен түлектерді, ата-аналарды мерейлі мерекелерімен құттықтады.

Шарада сөз сөйлеген мектеп директоры Гүлнұр Тналиева еңселі білім ордасы оқу жылын 461 оқушымен тәмамдағанын, олардың арасында 129 шәкірт оқу озаты, 152-сі оқу екпіндісі атанғанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, білікті ұстаздар арқасында білім ошағының жыл бойғы жеткен жетістіктерін де атап өтіп, биылғы мектеп түлектеріне сәт сапар тіледі.
Салтанатты шарада ата-аналар атынан Бекболат Нұрғалиев және мектептің бұдан 20 жыл бұрынғы түлектері сөз сөйлеп, мереке шырайын келтіріп, игі тілектерін жолдады.

Соңғы қоңырау салтанатында мектеп түлектері вальс билеп, ұстаздарына ән арнап, аспанға шар ұшырды. Қоңырау үнін сыңғырлата соғу құрметіне 11-сынып үздігі, «Алтын белгі» үміткері Таңшолпан Тайжан мен 1-сыныптың оқу озаты Мансұр Бижанов ие болды.