Аудандық мәслихат залында мемлекеттік мекеме басшылары мен ведомостволық архивке жауапты мамандар, іс жүргізушілермен семинар-кеңес өтті.

Семинарда ведомостволық архивтердің жұмысын ұйымдастыру, архивтердегі құжаттардың жүргізілу талабы мен сақталуын қамтамасыз ету сынды мәселелер талқыланды. Аталмыш шараға БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Абат Сәкенұлы, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан қатысты.

Кеңеске қатысушылар тарихи құндылықтарды сақтау әрі насихаттау мақсатындағы Елбасының отандық және шетелдік архивтер дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасына баса назар аударды. 

Шарада аудандық мемлекеттік архивтің директоры Нұрзия Соқатова ұлттық архив қорын пайдалану, архивтік қызмет, архивтің жұмыс барысы және ағымдағы жылдың жұмыс жоспарына сай 8 мекеменің құжаттары мемлекеттік сақтауға қабылдауға жоспарланып отырғанын, ол мекемелердің құжаттарға жауапты қызметкерлерімен оқу-әдістемелік жұмыстары жүргізілгендігін айтып өтті. Ал, ведомостволық архивтер бойынша аудандық прокуратура маманы Венера Берниязова мемлекеттік архивпен тығыз жұмыс жүргізіліп жатқанын, онда тұрақты сақталуға берілген құжаттар, құжаттардың мемлекеттік архивқа тапсырылғанша мекеме сейфтерінде сақталатындығына тоқталды.

БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының орынбасары Абат Сәкенұлы: 

– Архив саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. 90-шы жылдары жұмыс жасаған жандар бүгінгі күні зейнетке шығып жатыр. Олардың бірінің кезіндегі архив қызметкерлерінің сауатты болуы нәтижесінде жұмыс өтілін дәлелдесе, ал кейбіреулері керісінше сауатсыздықтың кесірінен құжаттары совхоз кеңселерінде қалып қойып, зейнетақыларын аз мөлшерде алып отырғандар бар. Мекеме құжаттарын жауапты мамандар архивке уақытылы тапсырып отыруы керек. Архив саласының мамандардың адами капиталын жақсарту мақсатында білім гранттарын бөлу туралы ұсынысымызға облыстық әкімдік қолдау танытты. Мекемелердегі әрбір қызметкер құжаттардың сақталуына баса мән беру қажет. Бүгінде облыстық архивағы құжаттарын қағаз жүзінде ғана емес, сандық форматқа айналдырып та қызмет көрсетуге мән беріліп отыр, - деді.