6 мамыр күні Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты салтанатты шара өтті.

Салтанатты шарада сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев:

– Бойына батылдықты, сертке адалдықты сіңірген ер-азаматтар қауымы сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға амандық, халқымызға тыныштық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деп ақжарма тілегін білдірді.

Мерекелік салтанаттың марапаттау рәсімінде аудан басшысы Жанат Асылханұлы түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар мекеме қызметкерлеріне алғыс хат табыстады.
Кеш барысында мерекеге орай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің сержанты Нариман Есенәлиев баяндама жасаса, Ауған соғысының ардагері Ерболат Иманғалиев ер азаматтардың барлығын атаулы мерекелерімін құттықтап, елге амандық тіледі.

Еліміздің амандығын, түніміздің тыныштығын күзеткен айбынды отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концертте Нұршат Исламғалиев, Сәнжан Байтеміров орындаған «Біздің елдің жігіттері», «Айбынды сарбаз» әндері көрермендер рухын асқақтатып жібергендей болды. Сонымен қатар сазды бағдарламада жігіттерден құралған хордың шырқауындағы «Егемен елім», жекелеген әншілердің орындаған «Қазақстан», халық әні «Алқоңыр» тыңдарман жүрегінен орын алды. «За четыры дня до вайны» әніне мың бұрала билеген «Керім-ай» халықтық би ансамблі сахнаның сәнін келтірді.