Татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген Қазақстан үшін бұл күннің орны ерекше. Қасиетті өңірде жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандар жиналып, айтулы күнді ерекше атап өтуге атсалысты. Орталық алаңда өткен мерекелік шарада аудандағы бөлімдер мен мекемелер түрлі ұлыс өкілдерінің кейіпіне енді. Орталық алаңда ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, ән айтып, би билеп мереке көркін қыздырды.


Ұйғыр халқы чошуряны, олук нан, тәжіктер құртоп, шурбо, татар ұлтының өкілдері эчпочмак, қыстыбый сынды ұлттық тағамдарымен жұрт көңілін аулады. Ал, өзбектер әсем ән шырқаса, украин ұлты орталық алаңға ерекше сән салтанатпен еніп, би билеп, көпшілікті өздеріне тәнті етті.

Бүгінде қаратөбеліктермен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласып кеткен орыс, қырғыз, украин, шешен сынды 7 ұлт өкілдері ауызбіршілікпен тату-тәтті ғұмыр кешуде. 

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шарада аудан әкімі Жанат Асантаев елдің тыныштығы мен татулығын тілге тиек етіп, көпшілікті ортақ мейраммен құттықтады. 


Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев шараға белсене қатысқан ұжымдарды алғыс хатпен марапаттады.

Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде аудан тұрғындары әр ұлттың әні мен биіне, өнеріне қанық болып, концерттік бағдарламаның куәгері болды. Ең бастысы, көпшілік еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілек етіп, бір-біріне ізгі ниеттерін білдірді.

Мерекелік шара мерекелік велошерумен жалғасты. Велошеруге аудан әкімі Жанат Асылханұлы бастаған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, аудан жастары мен ауыл тұрғындары қатысты.