Сәуір айының 25-і күні Қаратөбе ауданында «Ауданның ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын мемлекеттік қолдау және дамытуды» түсіндіру бағытында аудан әкімінің орынбасар Рашит Нәсіпқалиұлының төрағалығымен алқалы жиналыс оздырылды.


– Бүгінгі отырыстың басты мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығы саласына қатысты өзгерістер туралы және әкімшілік кедергілердің алдын алу, бақылау және қадағалау заңнамалары талаптарын түсіндіру, кәсіпкерлікті дамытуға бастама жасау, елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халыққа тиімді ақпарат беру, - деді жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудан басшысының орынбасары Рашит Иманғалиев. 

Аталмыш жиында Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың, Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазыбек Ташимовтың хабарламалары тыңдалды. 

Жиында БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының БҚО филиалының І санатты эксперті Мұстафа Құрманғалиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының несие серіктестігі бойынша кеңесшісі Мақсат Давлетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының несие бойынша менеджері Азамат Кұсмағанбетов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының өкілі, (юрист) Бауыржан Джубаниязов, «Кублей» ЖШС-нің мал сатып алу бөлімінің басшысы Бакытбек Айтбаев, «КазАгроГарант» АҚ-ның облыстық филиал өкілі Екатерина Вязникова, «ЕвразияГруппКазахстан» ЖШС-нің өкілі Дастан Сыдықов сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге орай ойларын ортаға салып, ауылшаруашылығы саласын дамыту аясында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер турасында түсініктер берді. Сонымен қатар жиналысқа қатысушы ауданның шаруа қожалықтарының жетекшілері мен аудан кәсіпкерлерінің, кооператив мүшелері тарапынан айтылған мәселелерге тоқталып, олардың сауалдарына жауап берді.

Ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер, шаруашылық жетекшілері және несие алуға ниет білдірушілер асыл тұқымды мал сатып алу, лизингке техника алу және тағы басқа көкейлерінде жүрген көптеген мәселелер төңірегінде сауалдар тастап, толықанды түсінік алды.