Аудандық мәслихат залында өткен конференцияда «Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасын жүзеге асыруды күн тәртібіне қойды.

«Nur Otan» партиясы Қаратөбе бірлестігі жарғысының 9.8 тармағына сай Қаратөбе аудандық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясына ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық бөлім, мекеме басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

Конференцияда «Nur Otan» партиясы Қаратөбе филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арналған Жолдауларының, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асуы турасында баяндама жасады.

Жиында сөз алған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Назира Жұмағалиева атаулы әлеуметтік көмек турасында көп балалы, аз қамтылған отбасыларға берілетін төлемақыдағы өзгерістерге тоқталды. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашов аудандағы салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасын арттыру, сонымен қатар алыс ауылдардағы ауыз су, жылумен жабдықтау мәселелерін айтып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына ауданнан баратын делегаттар ұсынылып, бірауыздан мақұлданды.