Соңғы жылдардағы бюджеттің орындалу қорытындылары, сонымен қатар кірістердің түсімдерінің тұрақты оң қарқынмен сипатталуы аудан экономикасының даму көрсеткішінің бірі болып табылады.

2017 жылдың 1  қаңтарына аудандық бюджеттің барлық түсімдері есепті кезеңге жоспарланған  3 135 877 мың теңгенің орнына  3 149 903  мың теңге, яғни  100,4 пайызға орындалды. Аудан бюджетінің шығыс бөлігі  жоспардың 99,5 пайызға немесе жоспардағы   3 135 877  мың теңге  3 120 811,7 мың теңгеге орындалды.
Аудан бюджетінің орындалуын талдайтын болсақ, республикалық бюджеттен бөлінген 649 177 000 теңге көлеміндегі қаражат 99,6 пайызға игерілді. Ұлттық қордан 2016 жылға 58 088 000 теңге қаржы бөлінсе, жыл соңына 57 489 700 теңге, яғни 98,9 пайызы игерілді. Осы ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен қазіргі таңда Қаратөбе ауылындағы «Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығы» ғимаратын күрделі жөндеу жүргізілуде. 
Арнайы резервтен өткен есептік жылға 115 905 000 теңге қаржы бөлінсе, жыл соңына 109 318 400 теңге немесе 94,5 пайызы игеріліп, Саралжын ауылындағы Б.Қаратаев атындағы орта мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстары, Сулыкөл ауылындағы «Балапан» бала-бақшасы ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстары, Төлен, Жусандой ауылдарындағы мектеп ғимараттарының қоршауын жөндеу, Егіндікөл ауылындағы «Балбұлақ» бала-бақшасын, «Жасыл желкен» жазғы демалыс лагерін ағымдағы жөндеу, Ақтайсай ауылында спорттық ойын алаңдарын ағымдағы жөндеу, аумағын қоршау, Саралжын ауылдық округінде Қарақамыс ауылының жолын ағымдағы жөндеу, Қаратөбе ауылындағы Мұхит, Құрманғалиев көшелеріндегі жаяу жүргінші жолдарына тас төсеу, Қоскөл ауылындағы Мұхит көшесіндегі саябақты ағымдағы жөндеу, Егіндікөл ауылындағы бұлақ бойын жарықтандыру, Қаратөбе ауылындағы Мәметова, Абай, Жұмақаев көшелеріндегі инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысы сияқты көлемді жұмыстар орындалып, аяқталды. 
Осы ретте аудандағы құрылыс саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, қазіргі таңда Сәуле, Бесоба, Егіндікөл ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Қоскөл, Ақтайсай, Алакөл, Дайынөткел, Ханкөл, Үшана, Төлен ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстарынын  жобалық сметалық құжаттары сараптамадан өтуде. Қазіргі таңға Қаратөбе ауылындағы көшелерді жарықтандыру құрылысы жүргізіліп жатыр, пайдалануға беру 2017 жылға жоспарланды. Аудан тұрғындарының күшімен 2016 жылы жалпы ауданы  1349 шаршы метр  13 пәтер пайдалануға берілді.
2017  жылы «БҚО   Қаратөбе ауданының су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді-мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің  құрылысы» басталады  осы жылға 187897,0 мың тенге қаражат бөлінді.
Аудан экономикасының өзіндік ерекшелігіне байланысты негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға үлкен көңіл бөлініп келеді.
Аталған салада бүгінгі таңдағы өсу динамикасына тоқталсақ: Аудан бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарына  мүйізді ірі қара 28447 бас болып,  өткен жылдың осы мерзіміндегі мал басымен салыстырғанда  -102 пайызға, аналығы 13139 бас – 111,5 пайызға, қой мен ешкі - 68865 бас  – 102,3 пайызға, жылқы - 6158 бас -119,3 пайызға, түйе - 26 бас – 130 пайызға , құс - 9780 бас тіркеліп -100 пайызға орындалса, алынған төлден бұзау – 10677 бас, қозы-лақ – 38216 бас, құлыншақ – 2004 басқа есептелінді.
Өндірілген өнімнен ет – 48386 центнер болып, өткен жылмен салыстырғанда -106,2 пайызға, сүт 88008 центнер -100,2 пайызға, жұмыртқа 1214  мың дана өндіріліп -100,1 пайызға орындалып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында аудан бойынша түрлі бағдарламалар, бағыттар бойынша құжаттар тапсырып, несие, субсидиялар алып, қарқынды жұмыс жүргізілуде. Мысал ретінде «Агробизнес-2020» бағдарламасын, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық» бағдарламаларын атап өтуге болады. Атап айтсақ, ауданда «Сатыбалды», «Еркебай», «Мөлдір», «Әлібек», «Ақбаз», «Аманбол», «Қоржын», «Думан» сияқты шаруа қожалықтары асыл тұқымды ірі қара, асыл тұқымды айғыр, қой мал бастарын сатып алып, жүйелі түрде жұмыс атқаруда.  «Сыбаға»  бағдарламасы бойынша 721 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 44 бас жылқы, ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 212 бас қой малын сатып алды.
Сонымен қатар аудандағы мал шаруашылығына кезекті ветеринарлық-профилактикалық тексерістер де уақытылы жүргізіліп, жоспарлы жұмыс атқарылды.
Өсімдік шаруашылығы бойынша 30 гектар алқапқа картоп егіліп, 126,2 тонна, 60 гектарға көкөніс егіліп, 540 тонна және 50 гектар жерден 448,5 тонна көлемінде бақша дақылдары алынды.
Есепті мерзімде аудан шаруашылықтарында 412 трактор, 299 тіркеме, 32 комбайн есепке алынып отыр. Машина-тракторлық парктерді жаңарту мақсаттарында ауданда «ҚазАгроҚаржы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы аудан бойынша 19 шаруашылық 31 788,2 мың теңге көлемінде субсидия алып, қосалқы техника, құралдар сатып алынды. Айта кететін жайт, соңғы бес жылда аудан шаруашылықтарының техникалық паркі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқасында 18 пайызға жаңарды. 
Жер саласы бойынша айта кетсек, қазіргі уақытта ауданның әкімшілік-территориялық құрылымы жүйесіне 8  ауылдық округ, 22 елді-мекен кіреді.
2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, ауданның барлық жер көлемі 997 492 га, оның ішінде: шаруа қожалық жерлері -  250 763 га, аудан аралық мал айдау жолдары - 813 га, елді мекендер жерлері - 189 871 га, өнеркәсіп, көлік, байланыс, тағы басқа ауыл шаруашылығы мақсаттарында пайдаланылмайтын жерлер - 902 га, орман қорының жері – 3 839 га және босалқы жерлер – 552 704 га.  Аудан бойынша 217 шаруа қожалығы жұмыс жасауда.  
2015 жылы жеті шаруа қожалығының жабылуына байланысты 19157 гектары және үш шаруа қожалығының пайдаланылмай жатқан 828 гектары, яғни  барлығы 19985 гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Сонымен қатар  жаңадан ашылған он шаруа қожалығына 8760 гектар, және қосымша жер сұраған ауданның жеті шаруа қожалығына 4140 гектар жер бөлініп  берілді.
Ауданымыздағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, Қаратөбе  ауданы аумағында 41 км облыстық маңызы бар, 215,2 км аудандық маңызды жолдар бар. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары аудандық коммуналдық меншікте, 2016 жылы аталған жолдарға орташа жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, сәйкес жұмыстар жүргізілді.
     Ауданда 22 елді мекеннің 10 елді мекенінің халқы  оқшауланған  су құбырлары арқылы таза ауыз сумен қамтылған, су құбырының  ұзындығы 69,61 шақырым,бұл аудан халқының 78,7 % ( немесе 12811 адам),  7-су құбырлары  жүйесіне мемлекет тарапынан  2015 жылға 32 672 131  теңге субсидия төленді, 10 елді мекеннің халқы жер асты суларын пайдалануда бұл 13,9 % (немесе 2259 адам) және 2 елді мекенге ауыз су тасымалдану арқылы  жеткізіліп берілуде, бұл аудан халқының 7,4 % (немесе 1202 адам). 2016 жылға 30  557 595 теңге субсидия төленіп отыр, аудан бойынша тұрғын үйлерге су жүйесін  кіргізу туралы мәліметтер  төмендегі кестеде ұсынылып отыр.

 

Төленген субсидия көлемі

Аудан бойынша тұрғын үй саны

Су жүйесі  кіргізілген  тұрғын үй саны

 

%

2015 ж

32 672 131 теңге

3109

1611

51,8

2016 ж

30  557 595 теңге

3119

1647

52,8

Аудан бойынша 22 елді мекеннің  18 елді мекеніне көгілдір отын жеткізілді,  бұл аудандағы газдандырылуға жататын  елді мекендердің  100 %, 2017 жылдың  1 қаңтардағы  жағдай  бойынша   1595 аула көгілдір отынға қосылып  пайдалануда, 61 әлеуметтік нысандар көгілдір отынға қосылып отыр, аудан бойынша тұрғын үйлерге және  ауылдық елді мекендерге газ жүйесін  кіргізу туралы мәліметтер  төмендегі кестелерде ұсынылып отыр, жоғары қысымды газ құбырының ұзындығы 256,54 шақырымды құрайды.    

Барлық АЕМ

Халық саны мың.адам

Халық саны

Газбен қамтылғаны

Газбен қамтылмағаны

 %

22

16,272

15,980

0,292

98,2

       «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы  бойынша  жөндеуден өткен 2 тұрғын үй  тұрғындарының қаражат қайтарымы (жоспар  2 767 000 теңге, нақты  2 329 000  теңге)  2017 жылдың  1 қаңтарына  87 %  құрап отыр, 2016 жылдың 4 тоқсанына 4  тұрғын 42178  теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алды.
2016 жылы бағдарлама шеңберінде Қаратөбе ауылы, Құрманғазы көшесі 30а үй, 5 пәтерлі, 1 қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп аяқталды.
Енді аудан бойынша кәсіпкерлік саласына тоқталар болсақ, Қаратөбе ауданы бойынша 2016 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілер саны – 576 болса, соның ішінде заңды тұлға - 13, шаруа қожалықтары - 232, жеке кәсіпкерлер – 330,  соның ішінде жұмыс жасайтындары – 496  (бұл тіркелгендердің 86,1 % құрайды),  оларда жұмыс жасайтын адамдар саны – 1003 адам. 
2016 жылдың 1 желтоқсанына  өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі  3214,8 млн теңгені құрап отыр. Былтырғы  жылмен салыстырғанда  (2015 ж. – 1737,0 млн теңге)  105%-ға артқан.
Бюджетке түскен тиісті төлем 42,2 мың тг болды. (2015 ж – 77,6 мың тг)
2017 жылдың 1 қаңтарына 86 (2015 ж – 63) шағын кәсіпкерлік субъектісі жаңадан ашылып, 86 адам жұмысқа орналасты, оның  42 ауыл шаруашылығы, 5 көлік  тасымалы, 21 cауда, 18  басқа сала бойынша орналасқандар.
Ауданда өнім өңдеу саласы бойынша (2017 жылдың 1 қаңтарына) 8 шағын цехтар жұмыс жасайды, оның 4-уі тамақ өнімдерін, 4-уі басқа өнімдерді өндіреді. 21 адам жұмыспен қамтылған, 25 млн 352 мың теңге көлемінде  (былтырғы жылы  – 16 млн 970 мың теңге) өнім өндірді.
Бәріміз білетіндей, қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде Қаратөбе ауылының жеке кәсіпкері «Еркебұлан» С.Қоңырова автокөлік алу үшін  4 жыл мерзімге 4 млн 390 мың тг көлемінде несиеге газель термобудка автокөлігін сатып алды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленуге биылғы жылы аудан бойынша 9 жеке кәсіпкер ниет білдіріп, нәтижесінде Қаратөбе ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Р.Бедагарин темір есік жасау жобасымен 837 мың теңге көлемінде грантқа ие болды.
Әлеуметтік қамтамасыз ету және жұмыспен қамту
Ауданда 2016 жылдың 1 қаңтарына 454 жаңа жұмыс орны ашылып, оның ішінде 153 тұрақты, 301 маусымдық жұмыс орны. Аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 1 қаңтарға 352 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Аудан бойынша 81 адам әлеуметтік жұмыс орнына жолданды, оның ішінде Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы бойынша 30 адам оларға Республикалық бюджеттен 3030,0 мың тенге, 51 адамға жергілікті бюджеттен 3922,0 теңге қаржы төленді.
Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарына бағдарламаның 1 бағыты «Инфрақұрылымды  және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды  қамтамасыз ету»  бойынша  1 нысан  күрделі жөндеуден өткізілуде, оған 15 адам жұмысқа жолданды. Сонымен қатар 13 нысан ағымдағы жөндеуден өткізіліп қазіргі таңда өз жұмыстарын аяқтады, оған  23 адам жұмысқа жолданды, жалпы саны 38 адам жұмысқа жолданды.
Бағдарламаның 2-ші бағыты «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» бойынша ауданға 60,0 млн теңге қаражат жоспарланса, қазіргі таңда 60,0 млн теңге игеріліп, 24 адам несие алды. Оның ішінде 2 адам қызмет көрсету саласында болса, 22 адам мал шаруашылығын дамытуға алды.
Үшінші бағыт бойынша «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу» бойынша 14 адамды оқытуға 2,7 млн. теңге бөлінді. 2016 жылдың 1 желтоқсанына жұмыспен қамту жол картасы бойынша жыл басынан бері 12 адам оқуға жолданып 8 адамы оқуды аяқтады, 4 адамы оқуды жалғастыруда. Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 22 адам кәсіби даярлауға, 2 адам біліктілігін арттыру бағытында оқуларын аяқтады. Кәсіпкерлік негіздері бойынша 22 адам оқуларын аяқтап шықты. Сондай-ақ жастар тәжірибесіне 6827,0 мың теңге қаражат бөлініп, 42 жас маман жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданып, оның ішінде 11 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты.
Халыққа әлеуметтік көмек көрсету саласы бойынша келесілерді баяндаймын:
2017 жылдың 1 қаңтарына 17 отбасы 65 адам кедей отбасы есебінде тұрады. Мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін 2016 жылға 1988,0 мың теңге бөлініп, 2017 жылдың 1 қаңтарына 17 отбасы 65 адамға 1987,5 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек  төленді.
Аудан бойынша 2016 жылы «Өрлеу» жобасына 8 отбасы қатыстырылды. Жобаға барлығы 8 отбасы 43  адамға 1643,7 мың теңге төленіп, қаржысы толықтай игерілді. Қатысушылардың 16 адамы еңбекке қабілетті болса оның ішінде 4 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 4 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, 8 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді.
2016 жылға 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы төлеуге бөлінген қаражаттың көлемі 23746,0 мың. теңгені құраса, 2017 жылдың 1 қаңтарына 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларының 480 отбасына, оның ішінде 1216 балаға 23745,6 мың теңге балалар жәрдемақысы тағайындалып, төленді.
2017 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша аудан бойынша 793,6 мың.теңге сомасында 24 отбасы 110 адамға тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленді.
2017 жылдың 1 қаңтарына  жалпы мүгедек саны 554 адам, соның ішінде І-ІІ топ мүгедектері - 272, ІІІ топ мүгедектері – 208, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 74. Мүгедек әйелдердің саны – 222, ал кәмелет жасына жетпеген бала тәрбиелеп отырған мүгедек ана саны – 45.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды жұмыспен қамту да қоғам алдындағы маңызды мәселелердің бірі десек, мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан есепті мерзімде тұрақты жұмысқа - 8, қоғамдық жұмысқа – 14, әлеуметтік жұмыс орнына - 9, жастар тәжірибесіне - 2, барлығы 33 адам жұмысқа тартылды.
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аудан бойынша аудандық штаб құрылып, жұмыс тобы халықпен кездесулер өткізіп, жүйелі жұмыс жүргізуде.


Ішкі саяси ахуал және жастар саясаты
Ауданда жыл бойына саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, жастар саясатын жүзеге асыру, ұлтаралық келісімді нығайту бағытында да айтарлықтай маңызды істер атқарылды. Оларға тоқталар болсақ, жалпы, ауданымызда 38 түрлі ұлт өкілдері тұрып жатыр. Осы ұлттар арасындағы келісімді күшейтіп, бірлігімізді ауданның дамуы бағытында жұмсау үшін аудан орталығында жыл басынан 14 адамнан тұратын 2 – ақпараттық насихат тобы топтары тұрақты жұмыстар атқаруда. Топ құрамына аудан ақсақалдары, маслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, теолог маман мен БАҚ өкілдері бар. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту және діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу мақсаттарында  Жусандой, Егіндікөл, Қоскөл, Қаракөл ауылдық округтерінде ақпараттық түсіндіру топтары жергілікті халықпен кездесу өткізді.
Аудандық ішкі саясат бөлімі  арқылы  аудан әкімдігі жанындағы «Діни  істермен байланыс жөніндегі» Кеңес, «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия», «Аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссия», «Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес» жұмыс  жасайды. Бұл комиссия-кеңестердің атқарып отырған жұмысының да мәні зор. Өз жұмыс жоспарларына сай кезекті отырыстарын өткізіп, қоғамда өз бағыты бойынша туындаған мәселелерді шешуде өзіндік үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ ауданда 2013 жылдан  бері  жұмыс жасап келе жатқан аудандық Қоғамдық келісім кеңесі әлеуметтік, еңбек дауларын сындарлы диалог өткізу арқылы шешуге, ұйымның ұжым ішінде жайлы жағдай орнату қызметін үйлестіруге, жұртшылықпен байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал ету мақсатында құрылды. Сонымен қатар маңызы бар қоғамдық-саяси қозғалыстар, қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар, заңды тұлғалар бірлестіктері, үкіметтік емес ұйымдар, тұрғын ұлттардың,  ардагерлер мен ақсақалдар кеңестері, кәсіподақ, діни бірлестіктердің өкілдерінің тұрақты түрде жұмыс істейтін форум болып табылатын кеңес жұмыс атқарады. Жыл сайынғы  дәстүр бойынша  маусым айының  10 - 20 аралығында  барлық ауылдық округтерде «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мега  жобасы  өткізілді.
Қазіргі таңда аудан көлемінде атқарушы органдармен тығыз қарым – қатынаста жұмыс жасап келе жатқан  «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы жұмыс жасайды. Ауданымыздың әлеуметтік – экономикалық дамуында игілікті істерді жүзеге асыру бағытында бастамашы болып отырған «Нұр Отан» партиясы аудан өмірінде маңызды роль атқаруда.
Қазіргі уақытта елімізде барлық әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын көптеген үкіметтік емес ұйымдар қызмет етеді. Олардың айналысатын мәселелерінің ауқымы кең. Ауданда «аудандық ардагерлер ұйымы», «мүгедектер қоғамы», «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігі, «Мұхит жастары» жастар қоғамдық бірлестігі тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Әрқайсысының атқаратын жұмыстарының қоғам өмірінде маңызы зор. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 2016 жылға 765 мыңның үстінде қаржы қарастырылған.
«Қазақстан – Орал» телеарнасының филиалы Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімі жанынан 2014 жылдың сәуір айынан бастап өз жұмысын бастады. Аудандағы  саяси, мәдени, спорттық іс–шаралар түсіріліп, облыс жұртшылығына ауданда атқарылып жатқан игі жұмыстарды жария ету мақсатында жұмыстанып келеді. 2016 жыл бойына 99 түсірілім түсіріліп, оның 52  облыс жұртшылығына арнадан көрсетілді.
Ауданда ақпараттық саяси жұмысты жүргізу мақсатында биылғы жылы бюджеттен 9527 мың теңге қаржы бөлініп конкурс женімпазы «Жайық-Пресс» ЖШС Қаратөбе аудандық филлиалы «Қаратөбе өңірі» газеті бекітілген жоспарға сай жұмыстар атқарып келеді. Аудандық газеттің  шығармашылық ұжымы 2016 жыл бойы газеттің 52 санын шығарды. Газеттің таралымы жыл басында 1560 дана.
Қазіргі таңда аудан бойынша 2 мұсылмандар мешіті жұмыс жасайды. 
2015 жылдан бері  Қаратөбе аудандық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық  орталығы ауданда мемлекеттік  жастар  саясатын  жүйелі  жүзеге асырып келеді, жастар саясатының сәтті  жүзеге асырудағы  басты  құралы  2015 жылыц қабылданған   «Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңы» болып табылады. Қазіргі таңда ауданда 16277 тұрғын болса, оның ішінде 4457-сі аудан жастарын құрайды.  Ал, аудан бойынша 2016 жылғы II-тоқсанда орталықтардан консультациялық көмек алуға келген 189 жастың  -  63/33%-ы жұмысқа орналастыруға, 11/6% - заңгерлік кеңес  алуға, 16/8,5% - психологиялық кеңес алуға, 77/41%-теологтан кеңес алуға, 22/12%- басқа да мәселелерге қатысты көмек сұраған. Биылғы жылы жұмыспен қамтылғандар саны 22-ні құрайды. 2016 жылы жастардың бастамасымен 208 шара өткізіліп, оған 1971 белсенді жас ат салысқан.
Осы ретте жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары туралы айта кетсек, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша есептік 2016 жылы келуші 59 маманға 8759,7 мың тг көтерме ақы беріліп, келген 26 маманға тұрғын үй сатып алуға 69966,5 мың тг көлемінде несие берілді. Соның ішінде білім саласына, ветеринария, әлеуметтік сала, спорт салаларына жас мамандар тартылып, қолдау көрсетілді.
Бәрімізге белгілі, өткен 2016 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен айдар тағылып, белгіленген жыл болды. Осы атаулы мереке аясында аудан көлемінде ауқымды іс-шаралар өткізіліп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы кеңінен мерекеленді. Соның ішінде түрлі бағыттардағы кездесу-кештер, дөңгелек үстелдер, «Отбасы - тіршіліктің тірегі» атты Қаратөбе әйелдерінің  II  форумын, «ЕҢБЕК, ҚОҒАМ, БІРЛІК» өңіраралық форумын, «Мәңгілік Ел - нұрлы болашақ» тақырыбында қоғамдық келісім кеңесінің II  форумын, ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Біздің жетістігіміз-Тәуелсіздігіміздің жетістігі» атты өңіраралық форумды атап өтуге болады. Сондай-ақ Тәуелсіздікке 25 жыл, М.Мералыұлының 175 жылдығына орай аудан орталығын абаттандыру мақсатында  алма ағаштары отырғызылды. Аудан орталығын абаттандыру мақсатын көздеген  шараға  ауданның белсенді  жастары ұйымшылдықпен ат салысты. Ағаш отырғызу эстафетасы ауылдық округтерге табыс етілді. Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қаратөбе ауданында мәдени-көпшілік шаралар барлық ауылдық округтерде өз деңгейінде тойланды. ҚР Тәуелсіздігіне орай «Ұлы Дала Тұлғалары» атты фото-альбом жасақталып, облыстық қоғамдық келісім кеңесіне жолданды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілген іс-шаралар альбомы жасақталып, БҚО ішкі саясат басқармасына тапсырылды.
Білімді әрі жан-жақты дамыған ұрпақ – біздің ертіңіміз десек, ауданымызда білім беру саласына үлкен назар аударылады, 2015-2016  оқу жылында 19 мектепте 2550 оқушы оқыса, 2016-2017 оқу жылында 2521 оқушы бар. Білім беру сапасының көрсеткіші – 56,2 %.
Ағымдағы жылы 13 жалпы білім беретін мектептерді  181 оқушы аяқтаса, оның ішінде 134 оқушы (12 мектеп) ҰБТ тапсырып, орташа балл 79,94 % құрады.
Ең жоғарғы 125 балды аудандық мектеп-гимназия түлегі Беркінова А. иеленді. 8 үміткерден 2 оқушы «Алтын белгіні» қорғады.
2016-2017 оқу жылының ІІ тоқсаны бойынша оқушылардың білім сапасы- 54 %  құрады.
2016-2017 оқу жылындағы есеп бойынша аудандағы педагог қызметкерлер саны 499- ды құрады. Оның 381-і жоғары білімді, 118-і арнаулы орта білімді педагог қызметкерлер. Жоғары санатты педагогтар саны – 66, І санатты – 184, ІІ санатты – 113 санатсыз педагогтар - 136. 2016 жылмен салыстырғанда жоғары және І санатты мұғалімдер үлесі өсіп отыр. Аудан мектептеріндегі ІІ санатты және санатсыз мұғалімдердің саны – 297- ні құрады.
2016 жылы үш деңгейлік біліктілік арттыру курсының ІІІ деңгей бағдарламасы бойынша 22, ІІ  (орта) деңгей бағдарламасы бойынша 2, І деңгей бағдарламасы бойынша 3 педагог біліктілігін арттыру курсынан өз білімдерін жетілдіріп келді. Аудан бойынша Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институтынан  – 4 педагог, «Өрлеу» БАҰО АҚ БҚОПҚБАИ базасынан – 40 педагог, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша 54 педагог,  4  педагог Астана қаласынан АӘД оқытушы ұйымдастырушылары және 20 педагог қызметкер ақылы  біліктілік арттыру курстарынан өз білімдерін жетілдіріп келді.     
Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеуге қатысты айтар болсақ, аудан бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту көрсеткіші – 71,8%, 1-3 жас аралығындағы балаларды қамту 37,5%, 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші – 100 %. Барлық 25 мектепке дейінгі ұйымда 667 бала тәрбиеленеді, оның ішінде 8 дербес балабақшада – 382 бала, 4 мектеп-балабақшада - 94 бала, 13 шағын орталықта – 191 бала. Мектеп жанындағы мектепалды даярлық сыныптарында 271 бала тәрбиеленуде. 5-6 жастағы балаларды мектепалды даярлықпен қамту көрсеткіші - 100%.
Аудан бойынша 2016-2017 оқу жылында 207 даму мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұрады. Оның 66-сы  бала жастан  мүгедек балалар. 116 бала мектепте оқумен қамтылған, оның ішінде мектеп алды даярлықта - 19, мектеп партасында - 92,  үйден оқитын  бала саны -13. ДМШ балалардың 8-і техникалық құралмен қамтылып, бір баланың үйіне интернет желісі қосылды. 72 бала аудандық педагогикалық-психологиялық кеңес  беру мекемесінен түзету көмегін алады. Негізгі мектепті бітіріп, кәмелеттік жасқа толмай  мектепті аяқтағаны - 5, арнайы мектепте білім алатын балалар саны- 11, техникалық және т.б колледждерге барғаны -,  оқуға жатпайтындар саны-13.
2015-2016  оқу жылында 7 мектепте дефектолог болса  (Мұхит ЖОББМ,  Жамбыл ОЖББМБ мен Аққозы ЖОББМБ-да 0,5 бірлікті дефектолог жұмыс атқарса, 2016-2017оқу жылында (Қаракөл ЖОББМ 0,5 дефектолог штаты қосылды) және  4 логопед жұмыс жасауда. 15 мектепте   102 бала инклюзивті  біліммен  (60,3 %) қамтылуда. 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында 14 мектепте «Кедергісіз аймақ» құрылып, 73,6 %-ды құрап отыр.
Сондай-ақ аудан мектептерін бейне бақылаумен қамтамасыз ету үшін 10 мектептің ғимаратына (Мұхит ЖОББМ, мектеп-гимназия, Шөптікөл ЖОББМБ, Егіндікөл ЖОББМ, Б.Қаратаев атындағы ЖОББМ, Жамбыл ЖОББМБ, Үшағаш НОМ, Қоскөл ЖОББМ, Б.Аманшин атындағы ЖОББМ, Аққозы ЖОББМБ ) бейне бақылау орнатылды.
Аудан бойынша 1-10 сынып аралығында 2366 оқушы болса, мектепішілік лагерьге 1916 оқушы, «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагеріне 250 бала және «Жасыл желкен» демалыс сауықтыру лагеріне 200 бала қамтылды. Яғни, 100%-ға қамтылды.
2016-2017 оқу жылында 3 қосымша білім беру ұйымы: Қаратөбе балалар саз мектебі, Қаратөбе балалар шығармашылық үйі, Қаратөбе балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығы жұмыстануда. Қосымша білім беру  ұйымдарына барлығы 85 үйірмеге 1408 оқушы қамтылған. Бұл барлық  оқушының  55,85 %-ын құрайды. Сондай-ақ Қаратөбе балалар спорт мектебіне 360 оқушы тартылды (14,2%).
Ауыл халқының бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін және халыққа мәдени, спорттық, рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында  аудан көлеміндегі жұмыс жасайтын мәдениет нысандарының саны – 41, оның ішінде  1-аудандық мәдени демалыс орталығы, 7-ауылдық округ пен 11-бөлімше  клубтары, 1-аудандық орталықтанған кітапхана жүйесі, 1-аудандық балалар кітапханасы, 20-бөлімше кітапханалары, сонымен қатар «Қаратөбе спорт клубы» мен Балалар – жасөспірімдер спорт мектебі үздіксіз жұмыс жасап келеді
Өткен 2016 жыл бойына аудан бойынша барлығы 1116 мәдени іс-шара өктізілсе, оларда қамтылған көрермендер саны – 74628 адам. 2016 жылға басты көлемді іс шараларға тоқталып өтсек,  
Мамыр айында Ұзақ күйшіге арналған «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар байқауы оздырылып, байқауға Астана, Қызылорда, Орал қалалары мен облыстардан 26 үміткер қатысты.
Қазан айында ауданымызда дарынды дала бұлбұлы Мұхит Мерәліұлының 175-жылдығы атап өтілді. Осыған орай ауданда әншілер фестивалі, спорттық ойындар, дала қызықтары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар тамыз айында республиканың қазақ күресі бойынша абсолютті чемпионы, әйгілі палуан Еңсеп Досқалиев атындағы қазақ күресі бойынша республикалық турнир өтті.
Өткен 2016 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуымен ерекшеленді. Осыған орай аудан көлемінде бекітілген жоспарлы мәдени-көпшілік іс-шаралар да өз деңгейінде ұйымдастырылып, өткізілді.
Аудан бойынша осы салада түрлі жарыс-байқауларға қатысып, түрлі жетістіктерге де қол жеткізілді. 2016 жылға негізгі жетістіктер: БЖСМ тәрбиеленушісі Саламатов Қуаныш Өскемен қаласында өткен республикалық юниорлар арасындағы армрестлинг бойынша чемпионаттан ІІ орын алды, сонымен қатар спорт шебері атағын қорғады.
Қоғамның денсаулығы – еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің бірден-бір діңгегі. ШЖҚ «Қаратөбе аудандық орталық ауруханасы» МКК құрамында кеңесші - диагностикалық бөлімше, 1 отбасылық денсаулық орталығы, 5 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшер - акушерлік пункт, 9 медициналық пункт, 50 кереуетті тәуліктік стационар(1067) және 60 кереуетті күндізгі стационар(3604) қызмет көрсетеді.
Аудан бойынша 2016 жылдың 12 айында тұрғындардың саны - 16286(2015ж - 15937), соның ішінде ересектері - 11856(2015ж - 11350), жасөспірімдер -623(2015ж - 813), 14 жасқа дейінгі балалар - 3807 (2015ж - 3774), соның ішінде 1 жасқа дейінгі - 253, босанатын жастағы әйелдер - 3052 (2015ж -2940).
Аудан тұрғындарына 24 жоғары білімді дәрігер мен 123 орта буынды медицина қызметкерлері медициналық көмек көрсетеді.
2016  жылдың  12 айының  қорытындысы бойынша 256 сәби дүниеге келіп, туу көрсеткіші  15,7  құраса, 2015 ж. 12 айында  - 239 сәби дүниеге келіп, көрсеткіш 15,0 (7,1% жоғарылаған) болған.  Жалпы өлім - жітім көрсеткіші  2016 жылдың 12 айында - 5,4 (86 жағдай), 2015 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш – 5,4 (88 жағдай) болған, яғни 2,3%-ға төмендеген. 2016 жылдың  12 айында  табиғи өсім 10,3 құрап отыр (168), ал  2015 жылдың  12 айында  - 9,7 (154) болған.
Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауда  салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті жұмыс жасайды. ҚР ДСБ - ның 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 325 бұйрығын  орындауда мінез - құлық, қауіп - қатер факторларының алдын алу, түрлі аурулардың алдын алу мақсатында айлықтар, онкүндіктер, денсаулық фестивальдары, «Ашық есік» күндері, «Өз қан қысымыңызды біліңіз!», «Қан құрамын анықтатыңыз!» акциялары оздырылып, «Д» есепте тұратын және басқа да барлық ниет білдірушілердің қан қысымы, қандағы глюкоза, холестериндері анықталып, қажетті дәрігерлік кеңестер беріліп, ақпараттық - білім беру материалдары таратылды. Бейне таспалар көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты - адамның ағзасына қауіп тудыратын қауіп факторларының алдын алудағы мәселелерге қоғам назарын аудару, тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру. Сонымен қатар ашық есік күндері, акциялар, онкүндіктер, айлықтар мен фестивальдер ұйымдастырылып, осы іс-шараларға 29780 адам қамтылды.
Қоғам болған соң, қоғамда тәртіпті сақтау да маңызды мәселелердің бірі болмақ. Осы бағытта да ауданымызда жұмыс жоспарларына сай тиісті қызмет атқарылып, жұмыстар орындалуда. 2016 жыл бойына барлығы 164 қылмыс тіркелсе, соның ішінде 146 іс аяқталған болса, оның 15 қылмыстық ісі сотқа жолданды. Қазіргі таңда облыс көлемінде тереңнен қозғалып отырған мәселелердің бірі – мал ұрлығы болып отыр, осыған байланысты қазір аудан бойынша мал ұрлығының алдын алу мақсатында малды бағуды ұйымдастыру, малдарға чип салу мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша өткен есептік жылға экономика саласы бойынша 1 қылмыстық теріс қылық тіркелсе, нашақорлық саласы бойынша қылмыс фактілері тіркелген жоқ. Жергілікті полиция қызметімен  Елбасының тапсырмасы бойынша «Тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік» қағидасы бойынша  аудан көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылды.   Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша  2016 жылға Қаратөбе ауданының қауіпсіздік паспорты, аудандық қауіп-қатер каталогы, Қаратөбе ауданының бейбіт және соғыс уақытына арналған Азаматтық қорғаныс жоспары түзетілді. Аудан аумағында өрттердің, газға улану, судағы қауіпсіздік, мұз үстіндегі қауіпсіздік, қыс кезіндегі қауіпсіздік бағыттары бойынша да талдау жасалып, төтенше жағдайлар комиссиясының отырыстары өткізіліп, аталған жағдайлардың алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді.