18 қазан күні Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шеңберінде «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Қаратөбе ауданына қарасты Жусандыой ауылдық округінің жастары Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған саябаққа жеміс ағаштарын отырғызды.
Жалпы ауданымызда тал егудің игі дәстүрге айналғаны құптарлық. Әр жақсы істің басы-қасында жастарымыздың жүргені қуантады.
Қазіргі таңда Жусандыой ауылдық округінде 30-ға жуық әр түрлі жеміс ағаштары отырғызылды. Отырғызылған жеміс ағаштары жайқалып өсіп, саябаққа сән берсе, төккен тердің еш кетпегені.
– Жас ұрпақты патриотизм және еңбекті бағалауға тәрбиелеу, ауылымызда абаттандыру жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Ауыл орталығында орналасқан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған саябаққа жастардың күшімен отырғызылған жеміс көшеттері майдан даласынан оралмаған аталарымызға деген тағзым деп білеміз, - дейді Жусандыой ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жөніндегі маманы Дулат Тәтешов.
Күзгі тал егу жұмыстарын ауызбіршілікпен атқарып, «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөзді берік ұстанған жастарға ауылдастары дән риза.
Игілікті шара Қаратөбе ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде де жалғасын таппақшы.