26 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбекпен, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» - деп айтқан болатын.
Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылдық округінде «Туған жер» бағдарламасы аясында «Туған жерге – туың тік» атты жерлестер форумы өтті. 
Аталмыш шараға БҚАТУ профессоры, малдәрігерлік ғылымдарының докторы Мәлік Шәлменов, Ресейден Нұрысқали Тінәлиев, Ақтөбе қаласынан Тельман Ибрашев, Орал қаласынан Жарқын Серікұлы, Мирлан Нұрпекеев, Ақсай қаласынан Айбол Жұманов және ауыл ішіндегі шаруа қожалығы жетекшілері, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары, жастар, оқушылар қатысты.
Меймандар алдымен Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Жазғы мезгілде қолданысқа берілген жазғы сахнада ашылған форумда алғаш боп аудан әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сұлтан сөз сөйледі.
- Баршаңызда «Туған жерге туың тік» атты жерлестер форуыма қош келдіңіздер! 
Аудан бойынша «Туған жер» бағдарламасы бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Егіндікөл ауылы тарихи орындардын мекені. Олай деп айтуымның себебі, ауылдың іргесінде мөлдір бұлақ, Аққұм қорығы, Құныскерей үңгірі, алқабы нулы орман т.б. жерлер бар. 
Құтты өлкеде үздік оқыған оқушыларға Құрманғазы Қараманұлы, Мәлік Шәлменов сынды ел ағалары шәкіртақы бөліп, тоқсан сайын беріліп келеді. Бұл дегеніміз - туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, - деп форум жұмысына сәттілік тіледі.
Аталмыш ауылдың азаматы, жеке кәсіпкер Мирлан Мырзашұлы 25 түп шырша ағашын әкеліп, мектеп ауласына, саябаққа отырғызылды. 
Бұдан кейін меймандар Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектеп мұражайын аралап, жәдігерлермен танысты. 
Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінің акт залында жан-жақтан келген қонақтармен дөңгелек үстел басында шара жалғасын тапты. 
Аталмыш бас қосуда мектеп директоры Ақмарал Мұқанова сөз сөйлеп, мектеп тыныс-тіршілігін баян етті.
Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин өз сөзінде ауылдық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік-экономикалық жағдайды саралап жеткізді. 
- Туған жеріміздің гүлденуіне жанаршылық танытып жүрген жерлестеріміз бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жеке кәсіпкер Жарқын Тәжіғалиев «ДТ - 75» тракторын ауылға тарту етсе, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мәдениет үйінің жанына шырша отырғызды. Ал, Мирлан Мырзашұлы «Мектепке жол» акциясы аясына белсенділік танытып және де саябаққа ағаш әкеліп отырғызды. Ел перзенттерінің бірі Айбол Болатұлы ауыл ішілік жолға тас төсеу ісін қолға алса, «Өтебаш» шаруа қожалығы білім ордасына музыкалық аппаратын табыстады. Округтегі «Ахат» шаруа қожалығы да ауыл ішіндегі шаруалардың басы-қасында болып, көмек қолын созып жүреді. Істеліп жатқан игілікті істер өскелең жастарға үлгі, тәрбие болмақ, - деді. 
Форумда сөз алған БҚАТУ профессоры, малдәрігерлік ғылымдарының докторы Мәлік Шәлменов туған жерге деген перзенттік сезімін жеткізді.
Алыста жүрсек те жүрек түкпірінде әрқашан ауылға деген сағыныш тұрады. Туған жердің ауасы да, табиғаты да бөлек, ерекше. 
Мектеп шәкірттері бәсекеге қабілетті болсын, білімді болсын деген мақсатта арнайы шәкіртақы тағайындадым. 
Мен оқыған жылдары Самер Есенов, Амангелді Аймашев, Боранбай Аймашев, Серік Тәжіғалиев сынды ұстаздар есімін әрқашан ұмытпаймыз, - дейді.
Жерлестер форумы соңында ауылдық округ әкімі Абат Зейнуллин келген қонақтарға ризашылығын білідіріп, алғыс хат табыстады.