28 қазан күні  Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында ауыл ақсақалдары Зарлық Мусин, Тілекқабыл Сағынов, Жайлан Ақсұлтанов елді мекенде орын тепкен саябақ пен мектеп алаңқайына 600 түп көшет отырғызды.

Ізгілікті шара алдымен, Сәуле ауылынан бастау алып, ауылдағы Жақсыбай НОББ мектебінің ауласына 55 түп тал отырғызылды.
Одан соң Саралжын ауылдық округінің орталығы Қарақамыс ауылына атбасын бұрған абыз ақсақалдар мектеп жанындағы мұражайды аралап, ондағы жәдігерлермен кеңінен танысты.
Бұдан кейін ақсақалдар Мұхит атындағы саябаққа, Б.Қаратаев атындағы Саралжын ЖОББМ-нің ауласына мекеме қызметкерлері, ауыл жастары, мектеп оқушыларының көмегімен жас шыбықтар отырғызылды.
«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, қазыналы қариялардың елге деген ыстық ықыластары мен патриоттық сезімдері жас ұрпаққа үлгі болды. 
Ізгілікті іс шара соңында округ әкімі Қайыр Бисенғалиев жақсы іске бастамашылдық танытқан қарияларға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.