31 қазан күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың 26 қазанындағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына байланысты облысымызда құрылған насихат тобы Қаратөбе ауданында болып, жергілікті тұрғындардың пікірлеріне құлақ асты.
Алқалы мәжіліске БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев қатысты.
Басқосуға төрағалық еткен аудан әкімі Жанат Асылханұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген қазақ әліппбиін латын графикасына көшіру мәселесінің қоғамға үлкен серпіліс бергендігіне тоқталып, келген меймандарға сөз кезегін ұсынды.
Мінберге көтеріліп сөз сөйлеген БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Әділгерейқызы кириллицадан латын қарпіне көшуді ұлт болып шешім қабылдайтын уақыттың жеткендігін, әлем елдерімен бәсекелестікке қабілетті болуға, шет тілін меңгере отырып, қазақ тілін жаңғыртуға мүмкіндік ашатындығына тоқталды. 
Кезегімен сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов, Мұхит атындағы ЖОББМ-нің директоры Мираш Өтеғалиева, аудандық мәслихаттың депутаты Ирина Классен, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директор-редакторы Ертай Бимұханов жаңа әліпбиге көшу турасында өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды.