1 қараша күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу» керектігін мәлімдеген болатын.
Осы орайда Қаратөбе колледжінде «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында басқосу жиыны өтті.
Шарада сөз алған колледж директоры Мәулен Салахадин қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшірудің терең логикасы мен жаңаша білім беру процесінің ерекшеліктеріне тоқталды.
Кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Самиғоллаұлы, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалы - «Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы Ертай Бимұханов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мербол Есендосов, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Арайлым Нұрсұлтанова кириллица алфавитінен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшудің маңыздылығы, 1929 жылдан 1940 жылға дейінгі қолданылған латын әліпбиінде басылған кітаптар мен газеттерден үзінділер мен мысалдар келтіріліп, латын графикасы бойынша қазақ әліпбиі қоғамда сананы жаңғыртуды басты күшке айналатындығы турасында әңгіме өрбітті.
Айта кету керек, Қаратөбе колледжінің майдайшасы латын графикасы бойынша қазақ әліпбиінде жазылып қойылғандығы көңілге қуаныш ұялатты.