Қаратөбе аудандық мәслихатының мәжіліс залында «Прагматизм және реализм – қоғамдық келісім кеңестері қызметтерінің негізі» тақырыбында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің IІІ форумы өтті.
Кеңесте «Рухани жаңғыру өзегі – дәстүрлі мәдениет» тақырыбында сөз сөйлеген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрзия Соқатова:
– Қазіргі өркениеттер қақтығысы, мәдениеттер ағысының арасында ұлттық мәдениетімізді қалай сақтаймыз және оны қалай дамытамыз деген ой келеді. 
Бұл – дәстүрлі мәдениетті сақтау емес, әлбетте, бұл жаңа заманға, жаңа рухани өрлеуге бастайтын жол. Рухани өрлеудің негізі тарихи мәдениетімізде жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, бұл құжатты рухани бағытымызды белгілеген нұсқаулық деп айтуға болады. Сондықтан зиялы қауым Елбасы тапсырмаларын орындап, дәстүрлі мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық кодымызды көтеру арқылы әлемдік өркениетке көтерілуді мақсат тұтуы керек, - деді.
Кеңес жұмысы барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Муса Берікқали аудандық қоғамдық келісім кеңесінің атқарған қызметі, «Прагматизмнің идеясы - адамдардың өмірлік мақсаттарының шешімін табу кепілі» тақырыбында ой қозғаса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мербол Есендосов, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының жауапты хатшысы Серікбай Хасанов өз пікірлерін ортаға салды.
Форум соңында қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Мәулен Қожахметов форумның қарарын оқыды.