17 қараша күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында Қаратөбе ауданының Жусандыой ауылдық округінде «Туған жерге туың тік» атты жерлестер форумы өтті. Үлкен тәрбиелік мәні бар шарада алыстан келген жерлестер жүздесіп, бір-біріне деген сағыныштарын басып, арқа-жарқа болысты.
Туған жеріне сағынышпен жеткен жерлестер алдымен Ұлы Жеңістің 55 жылдығы атындағы саябаққа гүл шоқтарын қойды.
Жамбыл жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасының ауласына мектеп ұжымы, ауыл жастары, оқушылардың көмегімен 40 түп тал көшеттерін отырғызды.
Содан кейін округтегі әлеуметтік нысандар Жамбыл жалпы орта білім беретін мектеп-балабақшасын, Жусандыой дәрігерлік амбулаториясын аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. 
Аталған шара ауылдық мәдениет үйінде «Туған жерге туың тік» атты жерлестер форумымен жалғасын тапты. 
Форумға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Самиғоллаұлы, Жусандыой ауылдық округінде әр жылдары басшылық қызметте болған Абдрахман Сәрсенғалиев, Ғарапша Сахипов, Рамазан Қыдырашевтар және ауыл ақсақалдары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, шаруа қожалығының жеткешілері, кәсіпкерлер, қатысты. 
Форумның пленарлық отырысында ауылдық округте алдағы жылы меценаттар көмегімен жасалатын жобалар талқыланды. Ауылдағы жеке кәсіпкер Айбек Қазиев келесі жылы ауылға субұрқақ салып беретіндігін айтып, жерлестерін қуантты.
Жерлестердің басын қосқан форумның салтанатты жиынынан кейін ауыл көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. 
Түс ауа мектеп базасында ардагерлер мен жастар арасында волейбол ойынынан жолдастық кездесу өтті.