Мен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзімнің шағын бизнесімді бастадым. Білейін дегенім, Қорға аударатын зейнетақы жарналарымның көлемін қалай анықтауға болады?

Жеке практикамен айналысатын адамдар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін өз пайдасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін міндетті зейнетақы жарналарының көлемі алатын табыстың 10 пайызы мөлшерінде, бірақ тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызынан кем емес және 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгіленеді.

Еске саламыз, 2019 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге болды және алдағы 2020 жылы бұл сома өзгеріссіз қалады. Бұл ретте жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ жеке кәсіпкер алатын табыстың көлемін өздері айқындайды.

Табыс болмаған жағдайда жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебімен өз пайдасына Қорға міндетті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Міндетті зейнетақы жарналарын салық агенті ақшасыз төлем жолымен жүзеге асырады.

Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар егер банкте шоттары жоқ болса, міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін банкке қолма-қол ақшамен төлейді. Міндетті зейнетақы жарналарын банк арқылы қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз төлеу Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.