7 наурызда аудандық мәслихаттың мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының актив жиналысы оздырылды. Партия активіне аудан әкімі Жанат Асантаев төрағалық етті. Жиналысты сөз сөйлеп ашқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жанат Асылханұлы жуырда Елбасының қатысуымен Астана қаласында өткен партияның кезекті ХVІІІ съезінде жүктелген нақты тапсырмаларға тоқталды.

Партия съезінде Президент халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Сипаты жағынан әлеуметтік бағытқа көп көңіл бөлінген жиында қоғамда жиі талқыланып жүрген аз қамтылған көп балалы отбасыларға жәрдемақы беру мәселесі шешімін тапты. Аталған отбасылардағы әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы төленетін болады. Бұл үшін қазынадан алдағы 3 жылда 300 миллиард теңге бөлінеді.

Әрі аз қамтылған шаңырақтарға жалдамалы пәтер салынып, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға артады. Елбасы осындай тапсырма тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұқтаж жандарға көрсетілетін көмектер алдағы уақытта да біздің басты назарымызда болады. Қойылған міндеттерді сапалы әрі тиісті деңгейде орындайтын боламыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек әрбір отбасының мүшесіне жететін болады, - деді аудан басшысы Ж.Асантаев.

Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан «Әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырудағы жергілікті атқарушы органдардың міндеттері туралы» баяндама жасады. Актив жиналысында қаралған мәселелер бойынша Сулыкөл дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Гүлмира Тілеуғалиева, Мұхит атындағы орта мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Мәди Қайырғалиев, Аққозы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Айнұр Айтқалиева, «Жас Отан» Жастар Қанатының аудандық бөлімшесінің төрағасы Маралбек Амантаев сөз сөйлеп, өзіндік пікірлері мен ойларын ортаға салды.