Наурыз айының 7 күні Қаратөбе ауданында Елбасының ағымдағы жылды Жастар жылы деп жариялауына орай аудан басшылығының қолдауымен Ақбөбек Асылбекқызының «АА» атты ательесі ашылды.

Аталмыш ательенің ашылу салтанатында аудан әкімі Жанат Асылханұлы құттықтау сөз сөйлеп, ашқалы отырған жігерлі жас, Қаратөбе колледжінің өндірістік оқыту шебері Ақбөбек Асылбекқызына сыйлық табыстады. – Көктемнің шуақты мерекесіне тұспа-тұс келген шара «АА» ательесінің тұсаукесеріне қатысушы аналарымыз бен апа-қарындастарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Шырайлы мерекеде жақсы іс басталғалы тұр.

Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Соған байланысты қазіргі, таңда жастарға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Белсенді жастарымыз бұрыннан да қоғамдағы өз жолын тауып келеді. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаудан жастарымыз қашпайды, белсене ат салысып келеді. Оны қоғамымыздың, жастарымыздың өсуі деп білемін. Көптеген жастарымыз мемлекет тарапынан берілетін қолдауларға ие болып жүр. Түрлі әлеуметтік мәселелерді зерттеуге өз тарапынан ынта білдіруші жастарымызда бар. Ал өнерлі, қолы шебер жастарымыздың бірі Ақбөбек Асылбекқызы.

Өткен жылы колледж ұжымында болған жастармен кездесуде Ақбөбек: «Өзіміздің шәкірттеріміздің басын қосып ауданнан ателье ашсақ», — деп өз ойын айтқан болатын. Жалынды жас өз сөзіне тұрды. Керемет ателье ашылғалы тұрғанына бәріміз куәміз. Бұны Жастар жылына орай ауданда жастар арасынан шыққан игі істердің бастамасы деп білемін. Бастамашыл жастың қадамына сәттілік тілеп, өңіріміздің дамуына өз үлесін қосады деген сенімдемін, — деді аудан әкімі Жанат Асантаев. Ательде түрлі жұмыс атқаратын 3 мәшине бар. Өндірістік, әмбебап және торлау мәшинелерімен қоса басқада қажетті құрылғылармен жабдықталған. Түрлі киімдер тігумен жұмыстанбақ. Ақбөбек Асылбекқызы грантқа ие болса кәсібін дамытып, жұмыс күшін арттыруды жоспарлауда. Әзірге бір адамды жұмысқа тартып отыр. Алдағы уақытта материалдық базаны кеңейтіп, тігін ательесіне тағы да жұмысшыларды тартпақ .