Жасыл шырша жанына жиналған балғындардың басын қосқан салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асантаев: - Әр бала асыға күтетін жаңа жылда келіп жетті. Сіздерді жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! - деп жылы лебізін білдірді. 

Аудан әкімі балалардың дендеріне саулық, оқуда озат, тәрбиелі де үлгілі шәкірт болуларына тілектестігін жеткізіп, отбасыларына амандық тіледі. 


Аудан басшысы Жанат Асылханұлы әсем безендірілген шыршаны балалармен бірге айналып, өнерпаз бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Сан түрлі ертегі кейіпкерлерінің кейіпіне енген шырша мерекесіне қатысушылар шат-шадыман көңіл-күйге бөленді.


Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан балаларға арналған жаңажылдық шыршасына қатысып келген Малика Жетпісова да бүгінгі салтанатқа қатысты. 


Мерекелік шараның төріне Аяз ата мен Ақшақарды шақырып жасыл шырша шамын жағып, мерекелік көңіл-күйді жандандыра түсті. Қызылды-жасылды шамдары жарқылдаған, әдемі безендірілген шыршаның маңына топтасқан бүлдіршіндер ән шырқап, әсем әуен ырғағында би билеп, ертегі кейіпкерлерімен жүздесіп жасыл шыршаны қол ұстаса айналды.

 
Мерекелік шыршатойдың соңында әр балаға сыйлық табысталып, жүздері бал-бұл жанған ұл-қыздар дән риза көңілмен тарқасты. Жеткіншектерге қуаныш пен шаттық сыйлаған мерекелік кештің қатысушыларына арналып тәтті тағамдардан дастарқан дайындалды.