30 қараша күні Қаратөбе ауданының мәдениет үйінде  1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шара оздырылды. 

Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шарада аудан әкімі Жанат Асантаевтың баяндамасы тыңдалды. Аудан халқын маңызды мерекемен құттықтаған аудан басшысы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделі мен ел дамуына қосқан зор еңбектеріне және Елбасы саясаты аясында елімізде атқарылған орасан зор жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар салалар бойынша ауданда жүзеге асырылған ауқымды істерді баяндаған Жанат Асылханұлы ел тыныштығын тіледі. Ұлық мерекеге арналған салтанатты шара барысында елеулі еңбектерімен танылған сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі жүргізілді. Олардың қатарында «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған  Егіндікөл ЖОББМ биология пәнінің мұғалімі Дина Қожбаева, ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлының Құрмет грамотасымен  аудандық мемлекеттік  архивінің архивисті Шолпан Елбаева марапатталды. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлының алғыс хатымен марапатталғандар  «Жолбарыс» шаруа қожалығының жетекшісі Батырбек Жұмағалиев, «Ғазим» шаруа қожалығының жетекшісі Арман Хайретденов,  «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабит Маханов. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың алғыс хатына аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Әмірбек Жәнібеков ие болды.

Сонымен қатар аудан әкімі Жанат Асантаевтың алғыс хатымен мамандықтары бойынша қажырлы еңбек етіп жүрген бір топ сала қызметкерлері марапатталды. Мерекелік салтанатта қаратөбелік ардагер ұстаз Бейбіт Сағынғалиев құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының ерен еңбектері мен салиқалы саясатының арқасында, жасампаз Қазақ елі халқының орасан зор жетістіктерге қол жеткізгені турасында әңгіме өрбітті. Салтанатты шара аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының «Елбасы сенімі – ел сенімі» атты мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.