Қарашаның  5-і күні  аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХІІІ сессиясы оздырылды. Сессия жұмысына  мәслихат депутаты Самал Жумина төрағалық етті.

Сессияның күн тәртібінде «Қаратөбе аудандық мәслихатының 2017 жылғы 28 желтоқсандағы №16-1 «2018-2020 жылдарға арналған Қаратөбе, Сулыкөл ауылдық округтерінің бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы»  аудандық  экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағамбетовтың хабарламасы тыңдалды. – Аудандық бюджеттік комиссия отырысының 2018 жылғы 23 қазандағы  №12  хаттамасы негізінде 2018-2020 жылға арналған Қаратөбе, Сулыкөл ауылдық округтерінің бюджетеріне төмендегіше өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. 2018 жылға Сулыкөл ауылдық округіне салықтық түсімдер 3 433 мың теңге, Қаратөбе ауылдық округінің кіріс бөлігіне 11 677 мың теңге жоспарланған болатын. Сулыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының сұраныс хаты бойынша, аудандық кірістер басқармасының келісімімен салықтық түсімдер Қаратөбе ауылдық окрігінде 13 072 мың теңге, Сулыкөл ауылдық округіне 2 038 мың теңге белгіленді. Қаратөбе ауылдық округі бойынша: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша мөлшерлеменің өзгеруіне байланысты жоғары тұрған бюджетке қайтаруға жататын сома – 1 027 мың теңге; көше шамдарын жарықтандыру үшін – 5100 мың теңге, үйлерге көше атауларын жазуға – 2000,0 млн теңге, саябақ жұмыстарына – 6553 мың теңге бөлінді, — деді ауданның бас қаржыгері  Берік Базарұлы. Күн тәртібіне қойылған 2000-нан астам халқы бар Қаратөбе және Сулыкөл ауылдық округтерінің бюджетіне өзгерістердің  енгізілуін құптаған аудандық мәслихат депутаты Әмірбек Жәнібеков Қаратөбе ауылы бойынша көше атауларын қайта жазып реттеу мәселесіне үлкен көңіл қойылса деген ойын алға тартты. Сессия жұмысын қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асантаев: – Екі округте де салықтық түсімдер бойынша  дұрыс болжам жасалмағандығын көріп отырмыз.  Қадірлі депутаттар! Атқарылатын жұмыстарға сай қажеттіліктерге байланысты бүгінгі сессиядағы қос округтің бюджетіне өзгерістердің енгізілуін бірауыздан құптап отырғындарыңызға алғыс айтамын. Туындаған мәселелерге сай алдағы уақытта да өздеріңізбен кеңесіп, бірлесе жұмыс жасаймыз деген сенімдемін, — деді. Сессия жұмысына  аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, Қаратөбе, Сулыкөл ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.