25 қазан күні Қоскөл, Егіндікөл ауылдық округтерінде «Ашық әкімдік» шарасы және Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өткізілді. Ауыл халқымен жүздесуге барған аудан әкімі Жанат Асантаев және аудандық дербес бөлімдердің басшылары мен жауапты мамандар ауылдық округ тұрғындарын қабылдады. 

 

   

 

  Аталмыш шара аясында ауылдық мәдениет үйіне жиылған бұқара халық көкейлерінде жүрген түйткілді мәселелері туралы кеңсе табалдырығын тоздырмай, түрлі мекеме басшыларына бір уақытта жолыға алды. Қабылдауда болған ауыл тұрғындары жұмысқа орналасу, әлеуметтік мәселе, көшу, Шалғын ауылына қатынайтын жолды тегістеу, шағын несие алу турасында сауалдарын қойды. Түс ауа аталмыш шара Егіндікөл ауылдық округінде жалғасын тапты. Шара аясында қабылдауда болған ауыл тұрғындарының басым бөлігі жұмысқа орналасу, ұялы байланысты жақсарту және ғаламтор жылдамдығын арттыру, шағын несие алу сынды өтініштерін айтты. Қабылдауға келген тұрғындарға аудан әкімі Жанат Асантаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Тоғызбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы Рамазан Қыдырашев, аудандық  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Әмірғали, аудандық жұмыспен қамту орталығының құрылымдық бөлімше бастығы Жанаргүл Жылқышиева және т.б мекеме басшылары мен жауапты мамандар ауыл тұрғандарының көкейінде жүрген сауалдарына  кеңінен кеңес берді. Қос округтегі шарада түйіткілді мәселелері бойынша сол мезетте 21 тұрғын басшылық тарапқа жолығып, тұрғындар сауалдарын дербес мекеме басшылары назардан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.