10 қазан күні Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер туралы, факторлық-балдық шкала бойынша еңбекақы төлеу жүйесі жөнінде жиын өтті.

Жиынға аудан әкімі Жанат Асантаев төрағалық етті. Басқосуда сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирболат Нұртазин: – Бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда бір деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер жұмыс көлемінің әртүрлі болғанына қарамастан, бірдей еңбекақы алатыны жасырын емес. Әрі сыйақы да, қосымша ақы да ісіне қарап берілмейді немесе мүлдем төленбейді. Енді Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 15 қадамының 5-ші және 6-шы қадамдарын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметкерлерге жалақы факторлы-балдық шкала бойынша төленетін болады. Яғни қызметкерлердің жауапкершілігі, дербестігі, тәжірибесі, арнайы білімі мен байланыс деңгейлері, жұмысының қиындығы, қабылдаған шешімдерінің салдары секілді факторлар ескеріліп, еңбекақы тағайындау көзделуде. Бұған қоса, жұмыста оң нәтижеге жетсе бонустар қосылуы әбден ықтимал. Ал жұмыс тиімділігінің төмен екенін көрсеткен азаматтардың бірінші қызметі төмендетіледі. Одан да нәтиже шығармаса, мемлекеттік орган оны жұмыстан босатуға құқылы. Жалпы алда мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу бұдан да жауапты әрі абыройлы болмақ. Аталған жүйе енгізілген жағдайда мемлекеттік қызметшілер бұрынғыдай күнім өтсе болды деп қарап отырмайды. Әркім өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, сапалы жұмыс істеуге ұмтылатын болады, — деді. Жиын соңында мемлекеттік қызметшілер сала маманына туындаған сауалдарын жолдады.