3 тамыз күні облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болып, бірқатар әлеуметтік және құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. 

Бағдат Оразалдыұлы ауданға сапарын Қоскөл ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды газдандыру құрылысының жұмыстарынан бастады. Қоскөл ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмысы ағымдағы жылдың шілде айында басталған болатын. Құрылыс уақыты 2 айға созылатын ауылдық мәдениет үйі, балабақша және округ әкімшілігінің ғимаратына газ құбырын жүргізу жұмыстары қыркүйек айында аяқталатын болады. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары  Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанға барды. Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында атқарылып жатқан бұл жалпы ұзындығы 133 шақырымды құрайды. Құрылысы аяқталуға жақын су құбырының құрылысы Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана ауылдарын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтымақ. Жергілікті халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатын көздейтін жобаның жұмысы туралы баяндаған бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС бас директор Мұратбек Мұхамбедиев Үшана, Сулыкөл, Соналы ауылдарындағы құрылыс жұмыстарының біткендігін, Үшағаш, Шөптікөл ауылдарында ауылішілік  жұмыстары ғана қалғандығын, тамыз айының ортасында аяқтауға толық мүмкіндік барын жеткізді. Бағдат Азбаевтың аялдаған келесі нысаны 2017 жылдың шілде айында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Т.Жұмақаев көшесіндегі инженерлік- коммуникациялық жүйелері жүргізілген жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға берілген 60 жер учаскесі болды. Жалпы аудан бойынша өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша азаматтарға 87 жер учаскесі берілген. Аудандағы жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Оразалдыұлы аудандағы әлеуметтік және құрылыс нысандарының жұмыстарына оң бағасын берді.