Қаратөбе ауданының орталығында Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік шара оздырылды.

Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Рашит Иманғалиев аудан халқын айтулы мерекемен құттықтады. Рашит Нәсіпқалиұлы өз сөзінде әсем қала Астананың құрылғаннан бергі даму сатылары мен жетістіктерін айта келе, облыстық мәслихат депутаты, «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов пен Қаратөбе аудандық орталық аурханасының дәрігер-фтизиаторы Есенжан Нысановты Астана қаласының 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады. Сонымен қатар, бірнеше бөлім қызметкерлері аудан әкімінің арнайы алғыс хатына ие болды.

Айтулы кеште Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, Астана қаласының 20 жылдығы, Қаратөбе ауданының 90 жылдығы аясында оздырылған аудандық мекемеаралық өнер фестивалінің жүлдегерлері мен «Алтын діңгек – өзім туған босағам» атты ауыл күндеріне қатысқан ауылдық округтерге де арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Шара барысында аудан кәсіпкерлері мерекеге арналған сауда-саттық жәрмеңкесін ұйымдастырып, балаларға тегін балмұздықтар таратты. Кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік отшашумен аяқталды.