Өңір басшысы ауданға сапарын Орал-Ақтөбе тас жолы бойындағы Қоскөл ауылдық округінің аумағында орналасқан автокемпингке барып, құрылыс жұмыстары аяқталғалы тұрған ғимаратты көруден бастады.


Республикалық маңызы бар Орал-Ақтөбе тас жолының бойында орналасқан автокемпинг «Феруза» жеке кәсіпкерлігінің иесі Серікқали Жолымбетовтың меншігінде. Өз қаражаты есебінен өткен жылдың мамыр айында бастаған кемпинг құрылысын ағымдағы жылдың шілде айында аяқтап, іске қоспақшы. Жоба құны – 120 млн.теңге.
Күре жолдың бойында орналасқан автокемпинг іске қосылса, 50 орындық асхана, қонақүй, дүкен, наубайхана жолаушыларға қызмет көрсететін болады.
Кемпинг құрылысын аралаған Алтай Сейдірұлы алдағы уақытта аталған нысан жанынан жанар-жағар май, газ құю бекеттерін, ақылы автотұрақ салу ойын жеткізген жеке кәсіпкер Серікқали Жолымбетовтың жұмысына сәттілік тіледі.

 Бұдан кейін облыс әкімі Қоскөл ауылдық округіндегі «Жолымбет» шаруа қожалығына аялдап, қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Ата кәсіпті жандандыруды қолға алған шаруашылық 2017 жылдан бастап асыл тұқымды ірі қара малын сатып алып, етті мал өсіру шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстануда.
Шаруашылығына он қызметкерді жұмыстандырып отырған қожалық жетекшісінің ұлы Серікқали Жолымбетовтің болашақ жоспарларын тыңдаған облыс әкімі Алтай Көлгінов асыл тұқымды мал өсіруді мақсат тұтып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отырған еңбек адамына табыс тілеп, жұмысына оң бағасын берді.