5 мамыр күні Қаратөбе ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Алдымен Қаратөбе ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары-жұмылдыру бөлімшесінің бастығы, подполковник Эльдар Халелов баяндама жасады.
Мерекелік салтанатты жиында аудан әкімі Жанат Асантаев аудан халқын айшықты мерекемен құттықтады.
- Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 26 жыл толып отыр. Бұл күн – барша қазақстандықтар үшін Отан қорғаушылар күні, сонымен қатар, еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мерекелі тарихи күн.
Айбарлы ел болу жолында жауынгерлеріміздің бойына отаншылдық рухты сіңіріп, әскери қызметтің абыройын асырып, беделін көтеруді алдымызға мақсат тұттық. Жауынгер тұлға, әскери адам оттан да ыстық болған Отанын кез келген уақытта, кез келген жерде қорғай біледі.
Бүгінгі бізге жеткен ашық аспан мен бейбіт өміріміздің тірегі мен қорғанышы – солар. Сондықтан, «Жауынгер» деген қадірлі де қасиетті ұғым.  
Баршаңызды тағы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, бірлігі мен сәні жарасқан егеменді еліміздің тәуелсіздігі баянды, аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын! – деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы.
Мерекелік шарада алдымен аудан басшысы Ж.Асантаев Ұлы Отан соғысының  ардагері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Құрманғали Ысқақовқа мерекелік сыйлық табыстап, зал толы қаратөбеліктер қошемет көрсетті.
Салтанатты шараның марапаттау бөлімінде аудан әкімі Жанат Асылханұлы Ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан және төтенше жағдайлар комитеті ардагерлерінің Қазақстандық кеңесінің 2018 жылғы 5 мамырдағы №2 қаулысымен бекітілген «Қазақстанның өртке қарсы қызметіне 100 жыл» естелік төсбелгісімен Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» қызметі №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Берік Жанұзақов, №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Нұрлан Құлниязов, өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Досмұхан Қалекешов, №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Тимур Жұмағалиев, №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі  Болатбек Жәнібеков (аудан әкімінің алғыс хаты), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің I дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен (аудан әкімінің алғыс хатымен) Қаратөбе ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары – жұмылдыру бөлімшесінің бастығы, подполковник Эльдар Халеловті марапаттады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Жанат Асылханұлының қолынан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Арман Қыдырсихов, Бақытжан Қаратаев атындағы Саралжын, Ханкөл, Қаракөл жалпы орта білім беретін мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері Жүсіп Ашықов, Рүстем Ербөлеков, Сүйіндік Нұғманов алғыс хат алып, марапатталды.
Ерлік пен елдікті ту еткен шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Мерекелік концерт «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» деп аталды. Майдан даласы, зұлмат кезеңдегі ауыл тірлігі, ұлы Жеңісті жақындату жолындағы ерлік пен еңбекті бейнелеген көрініс әсерлі шықты.
Жергілікті өнерпаздар Қуаныш Дүйсенғали, Рүстем Ақташев, Әлфия Исламова, Аяжан Смағұлова т.б. орындауындағы майдан әндерін тыңдарман қауым тебіреніспен қабылдады.
Концерт «День Победы» әнімен аяқталды.