Елбасымыздың «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы барша қазақстандықтарды туған өлкені көркейтуге, абаттандыруға шақырады.

Осы орайда Қаратөбе ауданында Қаратөбе ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен орталықта орналасқан саябаққа алма ағашы көшеттері отырғызылды.
Бұл шара аудан бойынша «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ 40 жобаның бірі екен.
Елді мекендерді абаттандыру мақсатын көздеген шараға аудандағы мекеме-кәсіпорын басшылары ұйымшылдықпен атсалысты.
Игілікті шарада Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев, жеке кәсіпкер, жерлесіміз Радик Қайыров сөз сөйлеп, алма ағаштарын отырғызу шарасының басты мақсат-міндеттеріне тоқталды.
Аудан әкімі Жанат Асантаев бастаған лауазымды тұлғалар арнайы орынға алма ағаштары көшеттерін отырғызып, туған жерге деген өзіндік үлестерін қосты.
Айта кету керек, саябаққа барлығы 300 түп алма ағашы көшеттері отырғызылды. Көшеттер арнайы тапсырыс бойынша Ресейдің Самара қаласынан алдырылды.
Отырғызылған көшеттердің ішінде алманың (московская грушовка, белый налив, антошка т.б.) түрлері бар. Жоба құны 1 млн. 500 мың теңге қаражатты құрайды.
Оның ішінде Бұл істің басы-қасында жүрген жерлесіміз, жеке кәсіпкер Радик Қайыровтің еңбегі ересен.
Бұл игілікті шара Қаратөбе ауданының 90 жылдығы мерейтойына арналып отыр.
- Отырғызылған алма ағаштары Қаратөбенің ауа райына төзімді сорттар болып табылады. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Осы бір игілікті шара арқылы Қазақ елінің «жасыл ел» болуына өз үлесімізді қосып отырмыз деген ойдамын. Біз – туған жер перзенттеріміз.
Алма, жалпы жеміс ағаштарының көп болуы жақсы ғой, әрі алма ағзаға ең пайдалы жеміс, - дейді Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қажыгерейұлы.