2018 жылдың 1 наурызы күні Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күніне орай аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан бір топ аға ұрпақ өкілдерін қабылдады.

Аудан басшысы Жанат Асылханұлы аудан ардагерлерін ыстық ықыласпен қабылдап, оларды айрықша маңызға ие шуақты мереке Алғыс айту күнімен құттықтап, алғыс хат және сыйлықтар табыстады. 
– Қадірменді аға ұрпақ өкілдері, 90 жылдық тарихы бар ауданымыздың дамуы мен өркендеуіне қосқан Сіздердің еңбек үлестеріңіз зор. 
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының аясында келешек ұрпақ жастарды тәрбиелеу, оларға бағдарлы бағыт, баянды жол сілтеп отыратын ақылгөй, қазыналы қариялар, аға ұрпақ өкілдері Сіздердің еңбектеріңіз әркез үлкен құрметке лайық.  Біз әрқашан да өздеріңізден ақыл-кеңес алып, елдің болашағы үшін атқарылатын жұмыстарды Сіздермен бірлесе атқарып келеміз. Ауданның 90 жылдығы мерекесін ағымдағы жылдың тамыз айында атап өтуді жоспарлап отырмыз. Алда атқарылатын жұмыстар көп. Биыл Елордамыз Астананың 20 жылдығы мерекесін атап өтеміз. Осындай ауқымды шаралардың Сіздермен бірлесе іске асырылатындығына сенімдімін. Тәуелсіз еліміз Қазақстанның әлемдегі экономикасы қарыштап дамыған 30 елдің қатарына енуіне және ауданның әл-ауқатын арттыруға қосып келе жатырған толайым еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, отбасыларың аман болсын, ақыл-кеңестеріңізді айтып, арамызда аман-есен жүріңіздер!» - деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы.
Мерекелік шара барысында ел ағалары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, қоскөлдік ардагер Әзербай Кенжеғалиев, ханкөлдік ақсақал Зайзағат Бөлеғалиев, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Сайлау Фазылов, егіндікөлдік батагөй ақсақал Ертай Сердалин, қаракөлдік Сымбат Бөденова, Қаратөбе ауылының ардагерлері Күләш Мұхтарова, Әльфия Мұхамедрахимова және тағы да басқа мерекелік шараға қатысушы ардагерлер мерекенің маңыздылығына тоқталып, үлкен тәрбиелік маңызы бар әңгімелерін айтып, өздерінің көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде ауыл баласының тәрбиесіне көңіл аударған ханкөлдік ардагер З.Бөлеғалиевтің, туған жер тарихына байланысты ойын өрбіткен қоскөлдік Әзербай Кенжеғалиевтың әңгімелері шараға қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары жыр орындап, күй тартып, ақылдың кені қазыналы қарияларымызға көтеріңкі көңіл сыйлады. Аға ұрпақ өкілдері аудан басшысының ардагерлерге деген құрметі мен жылы ілтипатына ризашылықтарын айтып, алғыстарын жаудырды.