Бүгін 1 қазан – Халықаралық қариялар күні мерекесіне орай аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан қарияларға құрмет көрсетті.

«Чингиз» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарқанда ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Жанат Асылханұлы өмiрде түйген даналықтары мен тәжірибесі мол қариялармен басқосудың маңыздылығына тоқталып, абзал жандардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Мерекелік кездесуде сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нәжім Дәулетов барша қарияларды айтулы мерекемен құттықтап, ұрпақ қызығын көруге тілекші екендіктерін жеткізді.

Данагөй қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері сазды сәлемдемелер жолдап, мереке көркін аша түсті.
Тағылымы мол кездесу соңында көнекөз қарттарға, әз әжелерге сыйлықтар табыс етілді.

Райымбек АБАЕВ, Қаратөбе ауданы