Қаратөбе ауданында Ұстаздар күні мерекесіне орай «Ұстаз – жарық күні ғаламның» атты ұстаздар форумы өтті. Алдымен, аудан орталығында орналасқан Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде ардагер ұстаздар қабылданып, оқушылар шығармашылығынан көрме тамашаланды.

Одан соң «Жаңаша білім беру мазмұны», «Оқу – тәрбие үрдісіндегі табысты оқытудың әдістері» таныстырлымы, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің жиыны өтті.

Форумның келесі бөлімінде аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ұстаз – жарық күні ғаламның» атты мерекелік салтанатты шарасы өтіп, еңбегі ерен ұстаздар марапатталды.

Ұстаздар қауымын құттықтау үшін мінберге көтерілген аудан әкімі Жанат Асантаев:
– Ата-анадан кейінгі ақыл-ой, білім, ізгілік пен ұлттық сана-сезім секілді қасиеттерді баланың бойына сіңіретін ұстаздар қауымы. Ұлт болашағының жарқын болуы жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Білім беру асқан жауапкершілікті, ізденімпаздылықты, мейірімділікті талап ететін қиын да қызықты іс. Ұстаздар қауымы ел игілігі үшін еңбекке етене араласып, ұзақ жылдар бойы қоғамдық-саяси және экономикалық мәселелерді шеше білетін, еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де білікті ұрпақты тәрбиеледіңіздер. Әрдайым еліміздің ертеңгі келешегі – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан еліміздің атын әлемге танытатын білімді де талантты шәкірттеріңіз көп болсын! Сіздерді әр адамның жүрек түкпірінен орын алған, еселі еңбегі, ардақты есімі ақынның сөзіне, сазгердің әніне арқау болған Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын! - деді.

Ардагер ұстаздар мен білім беру қызметкерлерінің құрметіне аудан басшысы Ж.Асантаевтың атынан ыьқылас гүлі сахна төрінен көрініс тапты. 
Одан соң аудан әкімі Жанат Асылханұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен Қаратөбе мектеп-гимназиясының жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Алмажан Жұмағалиева, Қаратөбе колледжінің І санатты әдіскері Бақытгүл Ахметова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының «Дене шынықтыру саласының үздік қызметкері» төсбелгісін аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Екпін Тінәлиевке табыс етті.
Ұлағатты ұстаздар ұлықталған кеште БҚО білім басқармасының, техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы, БҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің алғысхатымен бірқатар мұғалімдер марапатталды.

Мерекелік шарада ұстаздар құрметіне Қаратөбе балалар саз мектебінің ұлт-аспаптар оркестрі, аудандық мәдениет үйінің әншілері және оқушылар ән шырқап, мың бұрала би билеп, мәртебелі мамандық иелерінің көңілінен шықты.
Шара соңы ұлағат иелеріне арналған «Шыңғыс» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарқанға ұласты.

Райымбек АБАЕВ, Қаратөбе ауданы