27-31 тамыз күндері аралығында Маңғыстау облысы, Қарақия ауданында "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында жəне Спорт күні мерекесіне арналған қол күресінен (армрестлинг) ІІ Батыс аймақтық біріншілігі өткен болатын-ды.

Біріншілікке БҚО, Ақтөбе облысы, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданының командалары қатысып, 120-дан астам спортшы бақтарын сынады.

Аталмыш додада 1999 жылы туылған жəне одан төмен жасөспірімдер арасында БҚО командасының құрамында сынға түскен қаратөбелік Ержан Ерболат 55 келі салмақта І орын, +75 келі салмақта Сүйесін Құмаров І орынды жеңіп алса, ересектер арасында 70 келі салмақта Нұрқат Нысанов ІІІ орын, +90 келі салмақта Фархат Қалиев ІІ орынды қанжығасына байлады. 

Жалпы командалық есепте І орын Қарақия ауданы командасы, ІІ орын Жаңаөзен қаласы, ІІІ орын БҚО құрамасы жеңіп алды.
Байрақты бәсекеде аудан спортшыларына жетекшілік еткен – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, «Қол күресі» үйірмесінің жетекшісі Нұрқат Нысанов.

Райымбек АБАЕВ, Қаратөбе ауданы